Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда, тылда жанқиярлықпен күреске түскендер айрықша құрметке ие - С.Бекбосынов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да жанқиярлықпен күреске түскендер айрықша құрметке ие. Астана қаласының прокуроры Сабыржан Бекбосынов Жеңіс күнімен құттықтауында осылай мәлім еткен.
Елорда прокуроры Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері және жерлестерінЖеңіс күнімен құттықтай отырып, осыдан 71 жыл бұрын адамзат тарихында ең ауыр және қанды соғыстың соңғы оқтары атылды, дейді.
«Уақыт алмасады, ұрпақтар өзгереді, бірақ Отанға сүйіспеншілік, қажырлылық, ерлік, жауынгерлік рухымыз өзгеріссіз қалады. Отан қорғаушылар жасаған ерліктер мәңгілік және уақыт ағысымен жоғалып кетпейді. Сол бір қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын оның маңызын біз ерекше ұғына түсудеміз. Сондықтан да халық ұзақ күткен Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да жанқиярлықпен күреске түскендердің барлығы айрықша құрметке ие, қаза тапқандардың рухына тағзым етеміз», делінген құттықтауда.
Бұл алапат соғыстағы Жеңістің бізге қалай келгендігін ұғыну, қаза тапқандарды қадір тұтып, арамызда жүрген ардагерлерге ұдайы қамқорлық көрсету - біздің парызымыз деп санайды Сабыржан Бекбосынов.
«Аға ұрпақ алып берген Жеңіс бүгінгі күні де бізді жетістіктерге жігерлендіреді, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі.
Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!Сіздер жерімізді жаудан сақтап, елімізді тыныштыққа бөлеген, арттағы ұрпағын ойлап қан майданда жан берген ер жүрек дара тұлғаларсыздар. Нағыз патриотизм, қаһармандықтың лайықты үлгісі болып келесіздер. Ұлы Жеңіс үшін, өшпейтін Ерлік үшін шынайы көңілден шыққан алғысымызды қабыл алыңыздар», дейді Астана қаласының прокуроры.
Ол ардагерлерге шын жүректен денсаулық, ұзақ ғұмыр, алаңсыз болашақ, зор бақыт, бейбіт өмір мен береке-бірлік жақын адамдарының қамқорлығы мен ықыласын тілейді.