Ұлы Жеңістің 65 жылдығын атап өтуге атсалысқан мектеп оқушылары марапатталды

АЛМАТЫ. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматы әкімшілігінде Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған іс-шараларға атсалысқан белсенді мектеп оқушыларын марапаттау шарасы өтті,

Ұлы Жеңістің 65 жылдығын атап өтуге атсалысқан мектеп оқушылары марапатталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жеңіс мерекесі қарсаңында Ауған соғысы ардагерлері одағы мен Алматы қалалық Жастар саясатын дамыту басқармасы, Білім басқармасы бірігіп «Естелік кезекшілігі» шарасын өткізген болатын. Онда қала мектептерінің оқушылары 1 апта бойы 28 панфиловшылар саябағындағы Даңқ мемориалы жанында салтанатты қарауылға тұрған еді. Сондай-ақ олардың арасында әскери киім кию, сапқа тұру, салтанатты шеру, қарауылды ауыстыру бойынша өзара сайыс өткен. Бүгінгі шара барысында сайыс қорытындысы шығарылып, №56 Қ.Сәтбаев атындағы мектеп 1-ші, № 131 мектеп 2-ші, № 163 мектеп 3-ші орынды иеленді. Оларға арнайы естелік медаль мен бағалы сыйлық табыс етілді. Сондай-ақ шараға белсене қатысқан осы мектептердің 60 оқушысы да арнайы мақтау қағазымен марапатталды. Қалалық жастар саясатын дамыту басқармасының бастығы Бақтияр Мәкеннің айтуынша, бұл шара жылда өткізілетін болады.