Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған Мәскеудегі парадқа елімізден 32 ардагер барады

АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған Мәскеудегі парадқа елімізден 32 ардагер барады.

Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған Мәскеудегі парадқа елімізден 32 ардагер барады

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Қайсар Мұғалов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, Ресей астанасындағы парадқа ҚР Қарулы Күштерінің 90 әскери қызметкері қатысады.

«Атап айтқанда Мәскеудегі Жеңіс парадына Қазақстанның әр облысынан екі адамнан есептегенде 32 ардагер баратын болады. Сонымен бірге дәрігерлер мен басқа да еріп баратын азаматтар бар»,-деді баспасөз хатшысы.

Мұнымен қоса Қ. Мағауов еліміздің 200 әскери қызметшілері Ресейдің Тверь облысында 2005 жылдан бері іздестіру топтары тапқан 140 қазақстандық майдангерлердің сүйегін қайта жерлеу рәсіміне қатысатынын айтты. Атап айтқанда, осы облыста қыркүйекте 100 және 101 бригаданың құрамындағы қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткіш ашылатын болады. Бұл шараларға 70 миллион теңге бөлінген және ескерткіштің нобайын ресейлік жағы даярлаған. Ұлы Жеңістің мерейтойы қарсаңында естелік эстафетасы шарасы аясында елімізден баратын делегация майдан болған жерлерде, туысқандары мен достары жерленген өңірлерде болады.