Ұлы Жеңістің 68 жылдығына орай елордалық алты ардагер баспанамен қамтамасыз етілді

АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының тұрғын үй комиссиясы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 68 жылдығын мерекелеу қарсаңында алты ҰОС ардагеріне пәтер бөлу жөнінде шешім қабылдады.
None
None

Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Елордада ҰОС ардагерлеріне пәтер беру кезегі 2010 жылы жойылды. Тұрғын үйге мұқтаж ардагерлер Астана қаласы Тұрғын үй басқармасына есепке алынған бойда сол жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанамен қамтамасыз етіледі. 2009-2013 жж. аралығында қаладағы ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне елорданың инфрақұрылымы дамыған жаңа тұрғын үй кешендерінен тұрмысқа жайлы 210 пәтер берілді.

Бүгінгі таңда Астанада 291 ардагер тіркелген. Оның ішінде - 215 ҰОС қатысушы және 76-сы ҰОС мүгедектері.

ҰОС ардагерлері -әлеуметтік қорғалатын азаматтар тобының кезек бойынша коммуналдық баспанаға ие болатын жалғыз санаты емес. 2013 жылдың басынан бері ғана кезекте тұрған 263 адамға арендалық баспана берілді.

2009 жылдан бері халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына жататын - мүгедектер, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы және т.б. барлығы 11 санат бойынша 1 391 пәтер берілді. Осылайша 1986 жылдан 2004 жылдың сәуіріне дейін кезекте тұрған азаматтар баспанамен қамтамасыз етілді. Жыл сайын салынатын және тұрғындарға берілетін арендалық тұрғын үй көлемі бойынша Астана елімізде көш бастаушылардың бірі болып табылады. Бірақ, соңғы жылдары халықтың елордаға өзге өңірлерден қоныс аударуы салдарынан ішкі миграцияның артуына байланысты баспана кезегіне тұрушылар саны да көбейіп келеді. Егер 1998 - 2007 жылға дейінгі аралықта тұрғын үй алуға кезекке тұрғандар саны 6 мың адамнан сәл ғана астам болса, ал 2008-2012 жылдар аралығында 17 мың болған. Яғни кезекке тұру 220%-ға артқан. Жыл сайын тұрғын үйге мұқтаждар қатарына кезекке тұруға 5000 азамат келеді.

Бүгінгі таңда Астанада баспанаға мұқтаждар кезегінде «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына сәйкес баспанаға ие болуда жеңілдік алуға құқылы 26 679 азамат есепте тұр.

Соңғы жаңалықтар