Ұлы Жеңістің 70 жылдығы парадына қатыстырылатын танымал Т-34 танкі жөндеуден өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арналған әскери парадқа Ұлы Отан соғысы кезіндегі танымал Т-34 танкісі қатыстырылады. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары, полковник Жұмабек Хасенов мәлім етті.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы парадына қатыстырылатын танымал Т-34 танкі жөндеуден өтті

«Қазір Астана маңындағы Қырқыншы стансада орналасқан 36-шы десанттық-шабуыл бригадасының әскери парадқа дайындап жатқан лагеріндеміз. Бұл шеруге қатысушы жауынгерлер үшін 150 шатыр құрылды. Жалпы шеруге қатысушы офицерлер мен сарбаздардың саны 4 797 адам. 26 наурызға дейін осы жерде барлық сарбаздар толық жасақталады. 1 сәуірден бастап үлкен жаттығу шаралары басталады», - деді ол.

Белгілі болғандай, бұл атаулы шараға 220-дан астам әскери техника мен 85 ұшақтар мен тікұшақтар қатыстырылады.

«Бұл шерудің ерекшелігі - қазіргі заманғы әскери ауыр техникамен қатар, Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери техникалар тартылады», - деді Ж. Хасенов.

Атап айтқанда, шеру мазмұндық тұрғыда тарихи және заманауи болып екі бөлімнен тұрады. Тарихи бөлімде ҰОС уақытындағы әскери техникалардың 36 үлгісі қамтылады. Яғни, соғыс кезінде майданда кеңінен қолданылған Т-34 танкілері, ЗИС-2 зеңбіректі және М-30 гаубицалы ЗиЛ-157, танымал БМ-13 РС-30 «Катюша» және «Максим» пулеметі көпшілік назарына ұсынылады.

«Соғыс жылдарындағы техникалар еліміздің аумағында резервтегі қоймалардан жеткізілді. Ал Т-34 танкісі ескерткіш ретінде сақталған болатын. Осы орайда бұл танкілер «Семей инжиниринг» кәсіпорнында жөндеуден өткізіліп, қалпына келтірілді», - деп атап өтті ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары.