Ұлы Жеңістің қадір-қасиетін есте сақтап, өскелең ұрпаққа аманат ету біздің перзенттік борышымыз - Ахметжан Есімов

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов бүгін 28 панфиловшы-гвардияшылар саябағындағы Мәңгілік алау жанындағы Ұлы Жеңістің 67 жылдығына арналған мерекелік шараның ашылу рәсімінде осылай айтты.
«Бұл барлығымыз үшін қасиетті де қастерлі күн. Әлемді жайпаған сұм соғыста от пен оқтың арасынан аман өтіп, Жеңіс туын желбіреткен сіздер қандай құрметке болса да лайықсыздар. Ендеше, бұл Жеңістің қадір-қасиетін есте сақтап, өскелең ұрпаққа аманат ету біздің перзенттік борышымыз», - деді А.Смағұлұлы.
Шаһар басшысының айтуынша, Ұлы Жеңіс туы желбірегелі 67 жыл өтті. Одан бері көптеген өзгерістер болды. Ең негізгісі, Отанымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізді. Бүгінде бейбіт жолмен дамып қарыштаған елімізді бүкіл әлем мойындап отыр. Бүгінде әлемдегі ең озық қару-жарақтармен қаруланған, қуатты қорғаныс күшіне айналған әскерімізге 20 жыл толып отыр. Осы екі мерекенің қатар келуін ұрпаққа ұран болған ұлы рухтың жалғасы деп қабылдау керек. Мерекелер қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметке берген тапсырмасына сәйкес, Парламентіміз алдағы уақытта заңға өзгертулер енгізіп, 7 мамырды мемлекеттік мереке деп белгілейтін болады.