Ұлы Жеңістің мән-мағынасы мен үшін өте ерекше - Орал Мұхамеджанов
Бұл туралы бүгін «Отан қорғаушылар» монументінің алаңында журналистер сауалына жауап беру кезінде Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін - Отан қорғаушылар күні, ал екі күннен кейін Ұлы Жеңістің 65 жылдығы мерекеленеді. Бұл екі мереке де біздің ел үшін өте қымбат әрі құрметті саналады. Осыған байланысты барша Қазақстан халқын осы атаулы күнмен құттықтағым келеді. Еліміздің аспаны ашық болып, бейбіт өмір асқақтай берсін. Осы ынтымағымыз, бірлігіміз баянды болсын. Ата-бабаларымыз қару ұстаған нәубетті күндер халқымыздың басына енді төнбесін. Біз осы өзіміздің терең еңбегімізбен, Отанға деген құрметімізбен, махаббатымызбен қорғануымыз керек»,- деді Мәжіліс Төрағасы.
«Менің әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бірнеше мәрте марапатталған майдангер. Яғни, біздің әулетімізден көп азамат бұл соғысқа қатысты, атап айтқанда әкемнің екі ағасы да майданда болған ардагерлер. Сондықтан бұл Ұлы Жеңістің мән-мағынасы мен үшін өте ерекше»,- деді О. Мұхамеджанов.