«Ұлы Жібек Жолындағы» елдерді дамыту үшін Инфрақұрылымдық инвестициялардың Азиялық банкі құрылады - ҚР Президенті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Инфрақұрылымдық инвестициялардың Азиялық банкі құрылады. Бұл туралы бүгін VII Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы II дүниежүзілік конференциясының пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 4-ші саммиті жақында Шанхайда өткенін еске салып өткен Мемлекет басшысы, «АӨСШК-ге қатысушы 26 мемлекет Азияны дамытудың жаңа тұжырымдамасы бойынша Қытайдың бастамасын қолдады. «Ұлы Жібек Жолын» жандандырушы елдерді дамыту үшін Инфрақұрылымдық инвестициялардың Азиялық банкі құрылуда»,-деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан географиялық-тарихи тұрғыда Қытай мен Ресей секілді геосаяси алыптар арасында орналасқанын, сондай-ақ барлық көршілес мемлекеттермен достық қарым-қатынас негізінде теңгермелі көпвекторлы бағытты ұстанатындығын атап өтті. «Бізден оны күтпесе де, көп конфессиялы, көп этникалық қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтап қалдық»,-деп түйді Н. Назарбаев.