Ұлыбритания Ассанджды Швецияға берсе, хакерлер британ үкіметінің сайтын бұзуға уәде беріп отыр
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - Хакерлер Лондонға үзілді-кесілді талап қойып отыр. Егер Джулиан Ассандж Швецияға ұстап берілетін болса, хакерлер Ұлыбритания үкіметінің веб-сайтын бұзуға уәде беруде. «Энонимэс» хакерлер тобы бүгін осындай қоқан-лоқы жасады, деп хабарлайды «Маяк» радиосы.
Естеріңізге сала кетейік, өткен тәулікте хакерлер WikiLeaks-пен жұмыс істеуден бас тартқан PayPal электрондық төлем жүйесінің интернет-ресурстарына шабуыл жасады. Бірнеше сағатқа созылған кибершабуылдың салдарынан адамдар интернет арқылы төлем жасай алмай, біраз әбіржіді.
Ал оның алдында хакерлер MasterCard төлем жүйесіне шабуыл жасады. Мұның алдында ірі халықаралық MasterCard төлем жүйесі жобаның негізін қалаушы Джулиан Ассанджға қатысты тергеу басталуымен байланысты WikiLeaks интернет-жобасының есепшотына қаржы аударуды тоқтатқан болатын. MasterCard өкілдерінің мәлімдемелері бойынша, операцияларды жүзеге асыру WikiLeaks қызметін тергеу толық аяқталып, жағдай анықталғанша тоқтатылған. Сондай-ақ Visa жетекші төлем жүйесі де осындай шешім қабылдаған.
Естеріңізге сала кетейік, мыңдаған құпия құжаттарды жариялаған WikiLeaks сайтының иесі Джулиан Ассандж Ұлыбританияда жүрген сапары кезінде, адам зорлады деген швед өкіметінің айыптауы бойынша қамауға алынған болатын. Ассанджды кепілақшамен бостандыққа шығаруға да рұқсат берілмей отыр.