Ұлыбритания карантин шараларын үш аптаға ұзартты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлыбритания коронавирусқа қатысты енгізілген карантин шараларын үш аптаға ұзартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабына сілтеме жасап.
Британияда 26 наурызда жарияланған карантин режимі мамыр айының басына дейін ұзартылады. Дегенмен, ел Үкіметі шектеу шараларын тоқтату туралы түпкілікті шешімді вирустың таралу қаупі жоқтығына көз жеткізгеннен кейін ғана қабылдамақ. Жақында британ ауруханаларында пандемияның салдарынан 861 адам көз жұмды. Өлім-жітімнің жалпы саны 13 729-ға жетті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 17 сәуір сағат 09.00-дегі жағдай бойынша, Ұлыбританияда науқастардың жалпы саны 103 093 болды. 323 адам індеттен айықты. Әлемде коронавирусқа 2,2 миллионға жуық адам шалдықты.
Айта кетейік, 10 сәуірден бері бірнеше мемлекет пандемияға қатысты енгізілген шектеулерді жұмсарту не созу бойынша шешімдер қабылдады.
Мәселен, Италия үкіметі коронавирустың таралуын шектеу үшін қабылданған шараларды 3 мамырға дейін ұзартатыны мәлім етілді.
Түркия 31 провинцияда 48 сағатқа коменданттық сағат енгізді.
13 сәуір күні Испания үкіметі 27 наурызда енгізілген кей шектеулерді алып тастады.
Ал Франция керісінше, коронавирусқа байланысты енгізілген қатаң режимді 11 мамырға дейін ұзартты.
Күні кеше ғана Жапония пандемияға байланысты ел бойынша төтенше жағдай режимін енгізетіні жарияланды.
Германия билігі болса, 20 сәуірден бастап әлеуметтік қашықтықтың барлық шараларын сақтай отырып, кейбір мекемелердің жұмысын қайта жандандырмақ.