Ұлыбритания Патшайымы ІІ Елизавета ауруханаға түсті
АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат - Жексенбіде, күннің екінші жартысында Ұлыбритания Патшайымы ІІ Елизавета Лондондағы патша VII Эдуардтың ауруханасына жеткізілді.
Бұл туралы Букингем сарайына сілтеме жасап BBC News британдық жаңалықтар қызметі хабарлады.
86 жастағы патшайым гастроэнтерит- асқазанның қабыну белгілерін сезінді. Патшайымның қатысуымен алдаға аптада өтуі тиіс барлық ресми іс-шаралар, соның ішінде Римге сапары болмайды немесе кейінге қалдырылады.
Жұма күні ІІ Елизавета Суонси қаласындағы әскери мерекеге қатысуы тиіс болатын. Бірақ ол өзін нашар сезініп, оның орнына Виндзор сарайына демалуға аттанды.
Алдын ала ақпарат бойынша, патшайым ауруханада дәрігерлердің қарауында екі күн болады. Дереккөздер атап өткендей, «ол аман-есен және көңіл күйі жақсы».
ІІ Елизавета тарихтағы жасы бойынша ең көне британдық монарх болып табылады және өзінің мықты денсаулығымен танымал. Соңғы рет патшайым ауруханада 10 жыл бұрын болды.