Ұлыбританияда 2013 жылы туристерден түскен кіріс рекордтық 35 млрд. долларға жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2013 жылы Ұлыбританияға келген туристер рекордтық сома 21 млрд. фунт (35,2 млрд. доллар) жұмсады. Бұл туралы Ұлыбританияның туризм жөніндегі басқармасының жексенбі күні жарияланған баяндамасында айтылған., деп хабарлады ИТАР-ТАСС.
Мамандардың мәліметтеріне қарағанда, 2013 жылы Ұлыбританияға 32,8 млн.-ға жуық шетелдіктер келді. Бұл бұдан бұрынғы жылмен салыстырғанда, 5,6 пайыз көп. Сонымен бірге туристер жұмсаған қаражаттардың жалпы сомасы да елеулі түрде - 12,7 пайызға өскен.
Британдық қалалардың ішінде танымалдығы жағынан Лондон оқ бойы озық тұр. 2013 жылы астанаға туристер 16,7 млн. рет келген, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 8,6 пайызға көп. Шетелдіктердің екінші ең көп келетін жері - Эдинбург (жылына 1,3 млн. сапар), ал үшінші орында - Манчестер қаласы (1 млн. сапар).
«Лондон халықаралық туризмнің нағыз супержұлдызы болып қалып отыр, - деп мәлімдеді VisitBritain стратегия жөніндегі директоры Патриша Ейтс. - Алайда біз ел ішіндегі басқа да бағыттарды дамытуымыз қажет».
«Біздің алдымызда басқа да британдық қалаларды таныта білу міндеті тұр, біз оларға бару да қызық екенін және көп уақытты қажет етпейтінін көрсетуіміз қажет», - деп атап көрсетті ол.