Ұлыбританияда Елбасы туралы «Уақыт таңдауы» фильмі көрсетілді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Британия кино өнері және телеарна академиясында (BAFTA, Лондон қаласы) Радик Кудояровтың «Уақыт таңдауы» деректі фильмінің ағылшын тіліндегі әлемдік премьерасы өтті. Картина Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Іс-шараны ҚР Тұңғыш Президенті қоры Қазақстанның Лондондағы елшілігі мен Британ-Қазақстан қоғамының қолдауымен ұйымдастырды.
BAFTA - әлем кинематографиясының беделді орталықтарының бірі, киноөнер саласында жеткен жетістіктері үшін жыл сайын өнер иелеріне берілетін сыйлық. Ол «Алтын глобус» және «Оскар» сыйлықтарымен пара-пар.
ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қорынан мәлім еткендей, шараға құрметті қонақ ретінде британдық ресми тұлғалар, лордтар және қауымдар палатасының мүшелері, сыртқы саясат және қауіпсіздік саласындағы жетекші халықаралық сарапшылар, шет елдердің елшілері мен дипломаттар қатысты.
Кинокөрсетілімге Оксфорд, Кембридж зерттеушілерінен бөлек, Вена мен Нью-Йорктен саясаткерлер келді. Қонақтар алдында Қазақстан Республикасының Біріккен Корольдіктегі Елшісі Ерлан Ыдырысов, Британ-Қазақстан қоғамының төрағасы Руперт Гудман, Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі Жалпыпартиялық парламент тобының төрағасы, Қауымдар палатасының мүшесі Боб Стюарт және режиссер Радик Кудояров сөз сөйледі.
«Уақыт таңдауы» деректі фильмі Тұңғыш Президент қорының тапсырысымен 2018 жылы Қазақстан астанасының 20 жылдық мерейтойына орай түсірілген.
Екі сериалы фильмнің негізгі сюжеті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа қазақстандық мемлекеттікліктің қалыптасуындағы ерекше тарихи миссиясына арналған. Сондай-ақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы сын-қатерлер, Қазақстанның қалыптасқан нарықтық экономикасы мен үздік инвестициялық климаты, елдің жаңа астанасының құрылысы баяндалады.
Әлемнің алпауыт елдерінің көшбасшылары мен саяси қайраткерлері Қазақстан мен оның елордасы, сондай-ақ Елбасының кемеңгер шешімдері туралы пікірлер білдірген.