Ұлыбританияда энергетика дағдарысы: Үкімет үнемдеуге ынталандырып жатыр
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Осы аптада Ұлыбританияда күн күрт салқындап, электр энергиясына деген сұраныс артуы мүмкін. Бұған қоса Еуропадан суасты кабельдері арқылы әкелінетін жарық тасымалданбай қалады деген қауіп бар. Халықты үнемдеуге ынталандыру мақсатында үкімет түрлі әрекеттерге барып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Лондонда шағын екі бөлмелі пәтер иелері электр энергиясы мен көгілдір отын үшін айына теңгемен 200 мың төлеуге мәжбүр.
Пешті күніне екі мезгіл ғана қосып, жарықты үнемдегеннің өзінде осындай баға шығады.
Тіпті үкіметтің комуналдық төлемге деп ай сайын жәрдемақы ретінде беретін 38 мың теңгесі көмектеспей жатыр.
Нәтижесінде үй дұрыс жылымайды, отбасы мүшелері ауыра бастайды. Қабырғаларды зең басып, ол да денсаулыққа зиян келтіреді.
Мэри Обомезе жергілікті билік жалға берген арендалық пәтерде тұрады. Ай сайынғы табысы 900 мың теңгемен бүкіл отбасын асырап отыр. Екі баласы оқушы, күйеуі - тұрақты табысы жоқ журналист-фрилансер.
Демалыс күндері таң атысымен 52 жастағы әйел Лондонның оңтүстік шығысында орналасқан Вулвич орталығының кітапханасына бет алады. Мақсаты - рухани баю емес, екі сағатқа болса да жылынып қайту.
«Біз бұл айда жылудың ақысын төлей алмаймыз. Өткен айда да кейінге қалдыра тұру жөнінде өтініш білдірдік. Балаларым тоңып қалғанын айтқанда жаным ауырады. Сондықтан жылуды жарты сағатқа қосып, қайта өшіруге тура келеді», - дейді Мэри Обомезе.
Мұндай жылы ұяларды бүкіл қала бойынша табуға болады. Оларды аудандық мэриялар шіркеу, кітапхана сияқты қоғамдық орындарда көптеп ашып тастаған.
Кейбірі тіпті тегін вай-фай, тамақ пен сусынды да ұсынады. Бірақ көпшілік мұнда келуге қысылады екен.
«Орталығымыздағы жылы ұяны халық арасында кеңінен насихаттауға тырысып жатырмыз. Бірақ, менің ойымша, көбі, өкінішке қарай, мұнда келуге аздап ұялады. Айтқым келгені, қазіргі заманда бұл әлбетте ұят жағдай, бірақ басқа амалымыз жоқ», - дейді кітапхана қызметкері Эми Джексон.
Бұл аптада Тұманды Альбионда күн салқындап, электр энергиясын пайдаланушылар қатары артады деген қауіп бар.
Еуропадан суасты кабельдері арқылы тасымалданатын жарық та жетпеуі мүмкін.
Оған деген сұранысты төмендету үшін ұлттық электр желілері операторы жаңа бастаманы қолға алды.
Бұдан былай кешкі уақытта, мәселен, кір жуу және кептіру машинасын қоспаған тұтынушылар төлем бойынша жеңілдіктерге ие бола алады.
«Осылайша біз жарықты ең көп тұтынатын кезде оған деген сұранысты азайтуға тырысамыз. Әдетте қыста электр желілеріне салмақ кешкі 5 пен 6 арасында түседі. Смарт есептегіш құралдары бар тұрғындардың бір жылда 100 фунтқа дейін ақша үнемдеуге мүмкіндігі бар», - дейді Ұлыбританияның ұлттық электр желілері операторының атқарушы директоры Финтан Слай.
Елде қазір күн салқын болғанымен, қатты жел жоқ. Жаңартылмалы қуат көзі саналатын жел диірменлері кәдеге аспай тұр. Сондықтан үш көмір электр станциясы қажет болған жағдайда қосылуға сақадай сай тұр.
Негізі Украинадағы жағдай Ұлыбританиядағы табиғи газдың бағасын күрт көтеріп, өмір сүру құнын қымбаттатып жіберді.
Инфляция Еуропа елдері арасында бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, халықты әбігерге салуда.
Фото: Global Look Press/IMAGO/Michael Bihlmayer