Ұлыбританияда мұғалімдер ереуілге шықты

ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Ұлыбританияда ереуілдердің жаңа толқыны белең алды. Өткен жылы басталған наразылық шаралары алдағы айларда күшейе түсейін деп тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Тек ақпан айында 20 күн қатарынан мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер, университеттер мен колледж оқытушылары, пойыз, сондай-ақ автобус жүргізушілері және тағы басқалары көшеге шығып жатыр. Барлығы жалақыларын көтеріп, жұмыс шарттарын жеңілдетуді талап етуде. Олардың биліктегі Консерваторлар партиясының жұмысына көңілі толмайды.

Мұғалімдер бұрын-соңды болмаған ауқымды ереуілге қатысып, миллиондаған оқушы мектепке бара алмай қалды. Жалақыларына көңілі толмаған пойыз және автобус жүргізушілері, мемлекеттік қызметкерлер де наразылықтарын білдіріп, көшеге шықты.

Ұлыбританияда соңғы онжылдықта мұғалімдердің жалақысы азайып кетті. Нәтижесінде педагогтарды жұмысқа тарту және ынталындырып, ұстап отыру мүмкін болмай қалды. Фискалдық зерттеулер институтының мәліметі бойынша, аға мұғалімдердің жалақысы 2010-2022 жылдар аралығында 13 пайызға қысқарған. Өткен жазда үкімет ұстаздардың көпшілігінің айлығы шамамен 5 пайызға өсетінін мәлімдеген болатын. Бірақ қос өкпені қысқан қымбатшылықтың кесірінен ол ақша дым болмай қалды. Сөйтіп Ұлттық білім беру кәсіподағының мүшелері ереуілге шығуды ұйғарды.

«Бүгін мен жалақыны өсіруді талап етуге келдім. Аз айлыққа ешкім мұғалім болғысы келмейді. Балалардың білім деңгейі төмендеп жатыр. Үкімет біздің мұң-мұқтажымызға құлақ асады деп үміттенемін», дейді ереуілшілердің бірі.

«Мұғалім ретінде ай сайын 1,5 млн теңге жалақы аламын. Бірақ университетте оқығаным үшін төлейтін несием бар. Банктердің пайыздық мөлшерлемесі аспандап кетті. Қарызға белшеден баттым. Одан бөлек газ бен жарықтың төлемақысы қымбаттап жатыр», деп шағымданады тағы бірі.

Мұғалімдердің ереуілдері бір күнмен шектелмейін деп тұр. Алдағы уақытта тағы алты рет ұйымдастырылмақ. Наразылықтар кезінде 23 400 мектепте оқитын 4,5 млн оқушы сабақсыз қалады. Пандемия кезіндегідей онлайн білім берілмейді. Соңғы рет мұғалімдердің ереуілі 7 жыл бұрын өткен, бірақ мұндай кең көлемді наразылық шарасы бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Кәсіподақ ұйымының айтуынша, көшеге шыққан ұстаздардың саны жарты миллион шамасында.

«Біз бәрін де түсінеміз. Халық кедейшіліктің қамытын киюге мәжбүр. Бірақ қазіргі үкіметтің басты мақсаты инфляция деңгейін екі есеге дейін төмендетіп, азаматтардың жағдайын жақсарту. Егер біз жалақыны өсіретін болсақ, қымбатшылықты ауыздықтау мүмкін болмай қалады», дейді Ұлыбританияның білім министрі Джиллиан Киган.

Бұл күні мұғалімдер ғана емес жеті түрлі мамандық иелері жалақыларын көтеруді талап етуде. 124 үкіметтік департаментте жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер, 15 компанияның теміржолшылары, Лондон автобустарының жүргізушілері, университет оқытушылары мен оқытушылық-профессорлық құрамға кірмейтін қызметкерлер және кітапханашылар ереуілдетіп жатыр.


Еске салсақ, Ұлыбританияда соңғы он жылда болмаған ірі наразылық акциясы өтіп жатыр.
Соңғы жаңалықтар