Ұлыбританияда оқитын қазақ студенттері қауымдастығы Алматыда қайырымдылық шарасын өткізді
АЛМАТЫ. Тамыздың 14-і. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Кеше кешкісін Ұлыбританияда оқитын қазақ студенттері қауымдастығы «Pro leto» барымен бірігіп Алматыда тұңғыш рет қайырымдылық акциясын өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кешке отандық танымал «Ұлытау», «Рахат Лукум», «Дауыс International», «101» топтары және жаңа шығып жүрген жас жұлдыздар қатысып, өз өнерлерімен шараға демеушілік көрсетті.
«Қазақстандағы жетім балаларға көмек ретінде акциядан жиналған қаражатқа тамыз айының екінші жартысына дем алуларына жолдамалар алып береміз», - дейді қайырымдылық шарасын ұйымдастырушы, Ұлыбританиядағы қазақ студенттері қауымдастығының директоры Игорь Ким.
Сол елде білім алушы студент Елдан Сарыбай: «Бұл шараның болашағы барына сенімдімін, аз да болса біз, студенттер өз көмегімізді аямаймыз, негізі елімізде жетім балалардың болмағанын қалаймыз », - деді.
«Мен Қытайда, Пейжің қаласының ЦНХУА Университетінде оқимын. Шет елдерде осындай шаралар өтіп тұрады. Сол тәжірбиені елімізде қолданып жатқандарына қуаныштымын. Мен де өз үлесімді қосуға келдім», - дейді осы шараға қатысушы Әсел Қыйдырбекова.