Ұлыбританияда омикрон штамын жұқтырғандар саны артып келеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның Премьер-министрі Борис Джонсон халыққа жасаған үндеуінде «омикрон» штамының жұқтыру жылдамдығының жоғары екендігін жеткізді.

Ұлыбританияда омикрон штамын жұқтырғандар саны артып келеді

Сондай-ақ, ол коронавирусқа қарсы күресте ревакцинацияның маңызы жоғары екендігін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Covid-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram каналына сілтеме жасап.

Сондықтан вакцинаның үшінші дозасын салу қажеттігін ескертті. Джонсон ревакцинация жаңа жылға қарай елдің барлық тұрғындары үшін қол жетімді болады деп уәде берді.

«Менің білуімше, кейбір адамдар ревакцинацияның қажеттілігі туралы шешімді күте тұруды ұсынады. Олар жаңа штамм соншалықты ауыр емес деп ойлауы мүмкін. Ал менің жауабым - ревакцинация қалац да қажет. «Омикрон» сізге зиян тигізбейді деп ойламаңыз. Сіз немесе сіздің жақындарыңыз қатты ауырып қалуы мүмкін. Оңтүстік Африкада бір апта ішінде ауруханаға жатқызылған адамдар саны екі есе өсті. Африкада да, Ұлыбританияда да «омикронмен» ауруханаға жатқызылғандар саны артып келеді», - деді Джонсон.

Оңтүстік Африка республикасының Президенті Сирил Рамафоса коронавирус инфекциясына шалдыққандығы туралы оң нәтиже алды. Бұл туралы Президент кеңсесінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Президент КВИ-ге тексерудің оң нәтижесінен кейін COVID-19-ға қарсы емдеу курсынан өтуде.

Президент кеңсесінің мәліметтеріне сәйкес 69 жастағы Рамафоса Кейптаундағы іс-шараға қатысқаннан кейін өзін нашар сезінген. Қазір оның хал-жағдайы жақсы және Оңтүстік Африка қорғаныс күштерінің әскери-медициналық қызметі мамандарының бақылауында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президент коронавирусқа қарсы вакцинацияның толық курсын алғанының нәтижесінде ауру жеңіл түрде өтіп жатқандығын мәлімдеді. Мемлекет басшысының өкілеттілігін вице-президент Дэвид Мабуза атқаратын болады.