Ұлыбританияда вейп саудасы қатаң бақыланады

ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Ұлыбританияда электрондық темекілер туралы заңның осал тұстарын саудагерлер пайдаланып жатыр. Олар өскелең ұрпаққа вейптің тегін үлгілерін ұсынып, балаларды тәуелді етуде. Нәтижесінде жастар мен жасөспірімдер арасында электронды шылымқұмарлардың қатары күрт артты. Енді жергілікті билік буыны беки қоймағандарға бағытталған вейп-маркетингке қарсы ымырасыз күрес жариялап отыр, дейді ҚазАқпарат тілшісі.
None

Соңғы жылдары электрондық темекі сататын дүкендер орталық көшелерде қаптап кетті. Мен-мұндалап тұрған маңдайшалары мен жарқ-жұрқ еткен жарнамалары көздің жауын алады. Вейптің тәтті дәмі мен түрлі-түсті қаптамаларына қарап, балаларға арналып шығарылған ба деп қаласың. Үкімет қолын мезгілінен кеш сермеуден қорыққандай. Олар заңды орағытып өтуге ілік тапқан пысықайлардың жолын кеспекші. Премьер-министр Риши Сунак олардың заңсыз саудасымен айналысатын дүкендерге айыппұл көлемін өсіруді жоспарлап отыр.


«Соңғы екі жыл көлемінде балалар арасында вейпқұмарлар санының күрт өсуіне алаңдаулымын. Менің екі кішкентай қызым бар. Осы мәселеге жіті назар аударуымыз керек деп ойлаймын. Бүгін лабороторияда жүріп, вейптердің кейбірі ересектерге емес балаларға арнап шығарылғанын байқадық. Өйткені дәмі, қоспалары, жарнамалау жолдары жас жеткіншектерді тарту үшін жасалған», дейді Ұлыбритания Премьер-министрі Риши Сунак.

Жаңа өзгерістерге сәйкес 18 жасқа толмағандарға никотинсіз вейптер сатуға тыйым салынбақ және мектептердегі полиция қызметкерлерінің саны көбейтілмек.


Манчестердегі дүкендердің бірінде кәмелет жасқа толмағандардың құжаттары жіті тексеріледі. Сауда орнының егесі салалық сауда ұйымының төрағасы. Ол үкіметтің жаңа бастамасын қос қолдап қолдайды.

«Біз бұл салада 14 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейміз. Биліктің бұл бағыттағы қадамдарын құптаймыз. Соңғы 2 жыл бедерінде бір рет пайдаланатын вейптердің саудасымен бұрын-соңды айналыспаған дүкендер көбейіп кетті», дейді дүкен иесі Маркус Сакстон.


Ұлыбритания Қоғамдық денсаулық сақтау ұйымы шылымқұмарлықтан арылғысы келетін ересектерді вейп пайдалануға үгіттеп келеді. Жақында олардың ұсынысын үкімет қолдай бастады. Жаңа бастамаға сәйкес, әрбір бесінші шылым шегушіге электрондық темекі тегін ұсынылады. Вейп - қауіпті, бірақ оған тыйым салуға болмайды дейді мамандар.

«Бір рет пайдаланылатын вейптер ересектер үшін керек. Әсіресе, темекіні қойғысы келіп жүргендерге оның көп көмегі бар. Бірақ ешқашан шылым шегіп көрмеген балалар мен жастарға вейптерді қолжетімсіз етіп тастау керек», дейді Шығыс Англия университетінің профессоры Кейтлин Нотли.


Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің соңғы мәліметтеріне сәйкес 11 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 9 проценті электрондық темекі тартатынын мойындаған. Оппозиялық партиялар жағдай күрделенбей тұрғанда өзгерістерді шұғыл енгізу керектігін айтады.


Соңғы жаңалықтар