Ұлыбританияда жаңа король ІІІ Чарлз бейнеленген монеталар таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыбританияда жаңа король ІІІ Чарлз бейнеленген монеталар ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ұлыбританияда жаңа король ІІІ Чарлз бейнеленген монеталар таныстырылды

Патша портреті арнайы топтама аясында басып шығарылған, деп баяндады Король ақша сарайының директоры - Энн Джессоп.

«Король ақша сарайы 1100 жылдан астам уақыт бойы Ұлыбритания үшін монета соғып келеді. Монарх ауысқан сайын оның портреті бейнеленген жаңа монета шығарылады. Бастапқыда мұндай монеталар жаңа патшаның түр-келбеті қандай екенін танып-білудің жалғыз жолы болды, өздеріңізге белгілі, ол кезде әлеуметтік желі, баспасөз болған жоқ. Король портреті барлық монетада біртіндеп пайда болады», - деді ол.

Корольдің бұл бейнесі тәж киюге дейін басылған, монарх монетада тәжсіз бейнеленген. Портрет 5 фунт 50 пенс номиналындағы монеталарда болады.

«Король марқұм патшайымның сол жағына, қарама-қарсы жаққа қарайды. Портреттің айналасындағы жазуда: «ІІІ Чарлз, Құдайдың рақымымен патша болды, сенім қорғаушысы» деп жазылған және шыққан күні де көрсетілген. Бұл элементтердің барлығы дәстүрлі», - деп баяндады король ақша сарайы мұражайының директоры Кевин Клэнси.

Жаңа монеталар айналымға шығатын топтама 8 қыркүйекте 96 жасында қайтыс болған II Елизавета патшайымның өмірі мен мұрасына арналған.


Фото: euronews.com