Ұлыбританиядағы атақты Tesco супермаркеті нәсілшілдігі үшін айыпталды
АСТАНА. 10 шілде. ҚазАқпарат - 22 жасар Холли Бэкетт ауруханада жатқан досының қызына арнап қуыршақ сатып алу үшін Tesco супермаркетіне барады.
Дүкен сөресінен ол ақшыл және қара өңді бірдей қуыршақтарды көреді. Ақшыл өңді қуыршақ өзінің қара өңді көшірмесінен қымбатырақ тұрады екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы жазады.
The Sun хабарлағандай, My Lovely Baby деп аталған ақшыл қуыршақ 5,96 фунт, ал қара түсті My Beautiful Baby-дің бағасы 4,97 фунтты құрап, біріншісінен бір фунтқа арзан тұрады. Ойыншықтардың қаптамаларындағы суреттерде қуыршақтармен ойнап отырған қыздардың суреті бейнеленген. Ақшыл өңді қуыршақпен еуропалық қыз, ал қара түсті қуыршақпен қара терілі қыз ойнап отыр екен. Қуыршақтардың аттары, түстері, киімдері де әртүрлі, сондай-ақ шығаратын дыбыстары да екі түрлі. Клиент нәсілшілдікке жол берілгеніне ашуланып, супермаркет қызметкеріне шағым білдіреді. Әйел адамды бұл жай ғана кеткен қателік деп сендіріп, бағаны түзетіп қоюға уәде береді. Алайда сатып алушы бір аптадан кейін келіп, қуыршақтардың бағаларының әлі де өзгермегенін байқайды.
Айта кетейік, Холли Tesco супермаркетінің бұрынғы қызметкері екен. Ол компанияның абыройын ойлағанын, компанияның нәсілшілдікке жол бергені үшін жауапкершілікке тартылғанын қаламайтынын айтты. Компания спикері қазіргі таңда қуыршақтардың бірдей бағамен сатылып жатқанын, ал осыған дейінгі баға айырмашылығын ақшыл өңді қуыршақтардың дүкен сөрелерінде ертерек пайда болуымен түсіндірді.