Ұлыбританиядағы қатаң режімдегі түрмеде бүлік шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Англияның Вустершир графтығындағы қатал режімдегі «Лонг Лартин» түрмесінде бүлік шықты. Бұл жайлы Ұлыбритания әділет министрлігі мәлімдеді.
«Қазір «Лонг Мартин» түрмесіндегі оқыс оқиғаны реттеп жатырмыз. Тәртіп бұзушылар мұндай тірлігі үшін жазаланып, қамау мерзімдері ұзартылады, бұл анық», - делінген министрліктің хабарламасында.
Британияның «Би-Би-Си» телерадиокорпорациясының мәліметтеріне қарағанда, бүлікке 80-ге жуық тұтқын қатысқан. Олар түрме қызметкерлеріне шабуыл жасап, бильярд шарларымен атқылаған. Бұл күзетшілерді түрменің Е қанатын тастап шығуға мәжбүр етті. Түрмедегі бүлікті басу үшін полицияның арнаулы бөлімшелері жіберілген.