Ұлыбританиядағы су тасқынынан зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыбританиядағы су тасқынынан зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ.

Ұлыбританиядағы су тасқынынан зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ

Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов мәлім етті.

«Ұлыбританияда 1500-ға жуық қазақстандық азаматтар бар. Су тасқынына байланысты жарақат алған немесе қаза тапқандар бойынша ақпаратты сол елдің билік органдары таратады. Ондай ақпарат бізге түскен жоқ. Ал осы су тасқынына байланысты елшіліктен қандай да бір көмек сұрап, Қазақстан азаматтары хабарласқан жоқ», - деді Н.Айтмаханов.

Оның айтуынша, осының алдында ҚР СІМ қазақстандық азаматтарға барынша сақ болу және Ұлыбританияда су тасқыны болу қаупі жоғары жерлерге бармау жөнінде ескерту жасаған болатын.

Айта кетейік, Ұлыбританиядағы су тасқыны бірнеше адамның өмірін қиып кетті. Сонымен қатар 8 мыңнан аса тұрғын үй су астында қалып, елге миллиондаған еуро шығын келтірді.