Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісінің қатысуымен балалар арасында футболдан достық матчы өтті

АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы №27 мектеп-лицейдің футбол алаңында Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Пол Браммеллдің қатысуымен футболдан Олимпиадалық резерв мектебі мен кәмелетке толмағандарға арналған баспанада тәрбиеленуші балалардың достық матчы өтті,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елші П.Браммеллдің айтуынша, балалар арасындағы матч алда, маусымның 6-сында Алматы қаласында Қазақстан мен Англияның футболдан құрама командалары арасында өтетін ойын шеңберінде ұйымдастырылып отыр және оның басты мақсаты - футбол арқылы екі елдің достық қарым-қатынастарын нығайту, балаларды өзара жақындастыру. «Қазақстан мен Англия арасында болатын ойын тарихи оқиғаға болмақ. Өйткені, Қазақстан аумағында мұндай деңгейдегі матч алғаш рет өткізілгелі отыр. Ойынды тамашалауға Англиядан 1 мың 500 жанкүйер келеді деп күтілуде. Бұл Әлем кубогы аясындағы өте маңызды әрі күрделі ойын болғандықтан, оған Англия құрама командасының ең мықты ойыншылары келетініне сенімдімін», - деді ол. Ойынға қатысқан барлық 20 балаға Қазақстан мен Англия құрама командаларының ойынын тамашалауға билеттер табыс етілді, ал «AIR Астана» және британдық «DE LA RUE» компаниясы олардың жолын, қонақ үйге жайғасуы мен тамақтануын қамтамасыз етеді. Бүгінгі ойын барысында сондай-ақ, Ұлыбритания Елшілігі аталмыш үлкен матч қарсаңында ұйымдастырған басқа да сайыстардың жеңімпаздары марапатталды. Мәселен, «Футбол ғаламшары» тақырыбында өткізілген шығармалар байқауының бас жүлде иегеріне Алматыдағы ойынға тегін билет берілсе, Елшіліктің ресми сайтында өткізілген «Мен футбол жайында бәрін білемін» атты жасырын сұрақтар сайысының жеңімпазы «Алматы-Лондон-Алматы» бағытындағы ұшаққа екі билет ұтып алды. Ал «Мен футболды суретке саламын» балалар сурет байқауына ұсынылған ең үздік туындылар маусымның 5-і күні Алматы қаласындағы Орталық көрме залына қойылатын болды.
Соңғы жаңалықтар