Ұлыбританияның вегетариандары 5 фунттық қағаз ақшаға наразы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның тек шөп-шалаңмен қоректенетін азаматтары 5 фунттық қағаз ақшаға наразы. Өйткені банкнотты басып шығару кезінде жануарлардың майы пайдаланылады екен, деп хабарлайды Хабар 24 телеарнасы.
Олар мұндай ақшаны айналымнан шығарып тастауды талап етіп отыр. Наразы топ ұжымдық хат жазып оған 16 мың адам қол қойып үлгеріпті. Пластиктен жасалған атышулы банкнот қыркүйек айында айналымға шығарылған болатын. Алдыңғы бетінде Елизавета ІІ ханшайым, ал келесі бетінде Британияның бұрынғы премьер-министрі Уинстон Черчилль бейнеленген. Бір ерекшелігі, қағаз ақша ылғалға төзімді және жыртылмайды. Енді, міне, оның құрамында жануарлардың майы бар екендігі де белгілі болып отыр.
Даудың басы интернет қолданушылардың бірі Туиттерде желісі арқылы жаңа ақша бірлігінің құрамы туралы қойған сұрағынан басталған. Әсіресе, оны «банкнот жасауда жануарлардың майы пайдаланыла ма, жоқ па?» деген сауал мазалапты. Британияның орталық банкі «иә» деп жауап береді. Бірақ майдың көлемі өте аз екендігін және ондай май сабын мен балауыз майшамдарында да қолданылатынын айтқан.
Жануарлардың құқын қорғаушыларды бұл жауап қанағаттандырмай, олар сол күні-ақ ұжымдық хатпен наразылық танытты. Өлтірілген байғұс аңдарға жаны ашығандардың пікірлері мен олардың Англия банкін айыптаған жазбарларында шек болмады.
Интернет қолданушылары айналымнан қағаз ақшаны алып тастауды және болашақта ондайға бармауды талап етеді.
Джилл Морбей тек шөп-шалаңмен қоректенеді және жануарлардың етін жеуге түбегейлі қарсы. Колли тұқымдас иті бар әйел аңдарды өлтіруді қатыгездіктің шыңы деп есептейді. 63 жастағы қайырымдылық ұйымының қызметкері Англия банкіндегілер малдың майының орнына басқа балама табулары керек еді деген ойда.
«5 фунттық ақша үшін жануарларды өлтіру ақылға сыйымсыз нәрсе деп ойлаймын. Ақша басып шығарудың басқа да жолдарын табуға болады ғой. Менің екі балам, екі немерем бар және өз мысалымда аңдарға қамқор болуды үйретемін. Шыны керек, мені бұл жаңалық қатты қынжылтты», - дейді Джилл Морбей.
Қаржы сарапшыларының бірі бұл оқиға Ұлыбританияның негізгі банкін шынымен де ыңғайсыз жағдайға тіреді деп отыр.
«Бұл - Англия банкі басшысы үшін шынымен де үлкен қателік. Ол мұндайдың болатынын алдын ала болжауы керек еді. Банктегілер артық қыламын деп тыртық қылып алғандай. Қалай болғанымен де ақша шығару үшін аңдарды өлтірудің қажеті жоқ еді. Егер банк болашақта айрандай төгілген абырой-беделін қайтарып алғысы келсе, сәйкесінше шешім қабылдаулары керек», - қаржы сарапшысы Джаспер Лоулер.
Ұжымдық хаттың авторы 47 жастағы Дуг Моу жақтастарының саны 16 мыңға жетеді деп ойламапты. Және олар жақында ғана басылып шыққан 440 млн фунттың айналымнан шығарылып тасталатынына сенбейді. Бірақ болашақта ақша үшін аң өлтірілмесе екен деп тілейді.