Ұлықбек Есдәулет Жолдау туралы: Халыққа дұрыс түсінідіру жұмыстарын жүргізу керек
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Президент Жолдауында шетел компанияларының Қазақстанға көшіп жатқаны туралы айтты. Бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды, деді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізге инвестиция салушылар біздің жерде мәңгілік қалып қоймаулары керек. Мысалы, шетелден келген инвестор өзі салған инвестициясының қайтарымын алғаннан кейін елдеріне кету керек. Олардың жерімізде мәңгіге қалып қоюларына жол берілмеуі керек. Негізі осы мәселе бойынша екіұшты дау-дамай, пікірлер туындамас үшін тиісті мамандар халыққа дұрыс түсінідіру жұмыстарын жүргізу керек», - деді Ұлықбек Есдәулет. Ол сондай-ақ бүгінде ауылдарда медициналық бөлімшелердің жоқ болуынан ондағы ағайын емделу үшін алыста жатқан қалаларға баруға мәжбүр екенін айтты. «Бала күнімізде ауылдарда медициналық пункттер болатын. Онда фельдшер отыратын. Балалармен қатар үлкендер де сол жерде қаралатын. Қазір ондай медпункттер елімізде жоқ. Сондай-ақ, ауылдағы ағайын емделу үшін пәленбай шақырым жердегі қалаларға баруы керек. Осы мәселе бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында алдағы жылдары ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілетінін айтты. Бұл өте жақсы жаңалық болды. Себебі, бұл мәселе бұрыннан белгілі болғанымен, ескерілмей жүрген шаруаның бірі еді», - деді ақын. Ол Президенттің Қостанай облысында алапат өрт болып жатқан кезде, Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойын кейінге шегеру туралы пікірі өте орынды екенін атап өтті.
«Ахмет Байтұсыновтың өмірі өрттің ішінде өткен өмір ғой. Биылғы мерейтойы да туған жерінде алапат өрттің шығуымен тұспа-тұс келді. Сондықтан Президент ол жақта ел баспанасыз қалып, күйзеліп жатқан кезде, той өткізіп жатқанның жөні жоқ екенін ұқты. Қостанайға ұшып бара салысымен, мәселемен тікелей өзі араласып, ел-жұрттан жағдайларын сұрап, оларға демеу болатындай сөздер айтуы – оның үлкен парасатты бейнесін көрсетті. Меніңше Мемлекет басшысы сондай болуы керек. Әйтпесе, орнына жібере салатын министр, басқа да уәкілдері жетерлік қой. Ахаңның 150 жылдық мерейтойын кейінге шегергені дұрыс шешім болды», - деді ол. Ол сондай-ақ ұлт көсемінің 150 жылдық мерейтойына орай елімізде өтіп жатқан шаралар барысы туралы айтып берді. «Ұланасыр, ас та төк той өтпесе де, Қазақстанның өзге өңірлерінде ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер өтуде. Былтыр Алматыдағы Ахаңның музей үйі мемлекет қарауына алынды. Музейге қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде», - деді Ұлықбек Есдәулет.
Ол Алаш қайраткерінің мерейтойына орай іс-шаралар әлі жалғасып жатқанын айтты.
«Біз қалалық әкімдікпен бірлесе мүшәйра жариялап жатырмыз. Ғылым академиясы Ахмет Байтұрсыновқа арнап академиялық томдарды шығарады, бүгінде толық шығармалар жинағы шығып жатыр. Сонымен бірге елімізде орналасқан өзге елдердің елшіліктерінде де іс-шаралар өткізілуде», - деді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.