«Ұлылармен сұхбат» атты көрмеге Петербор мен Мәскеу суретшілерінің 90-ға жуық туындылары қойылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ұлылармен сұхбат» атты көрмеге Петербор мен Мәскеу суретшілерінің 90-ға жуық таңдаулы туындылары қойылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Астанада жоспарланған көрмеге орай өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Айта кетерлігі, Елбасы айқындаған «100 қадам» Ұлт жоспары аясындағы бір бағыт Астана қаласын Еуразияның мәдени орталығына айналдыру болып табылады. Осы шараларға орай, бүгін Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде «Әлемдік мәдениет және бүгінгі сурет өнері» жобасы шеңберінде «Ұлылармен сұхбат» атты тақырыппен көрме ашылады. Аталған жоба аясында Астанадағы музейде өткен ғасырдың 70-80 жылдары жарыққа шығып, көпшілік мойындаған қылқалам шеберлерінің 90-ға жуық туындылары қойылып, Parallel Worlds шығармашылық тобына біріккен Петербор және Мәскеу сурет өнері мектебінің жарқын өкілдері өз өнерлерін жұртшылыққа паш етеді.

ҚР Ұлттық музейі заманауи өнер орталығының жетекшісі Роза Әбенованың айтуына қарағанда, «Ұлылармен сұхбат» көрмесіне «Петербордың еркін суретшілері» әлеуметтік жобасы тарапынан бастамашылық жасалған. «Көрмеге Петербор мен Мәскеудің 19 суретшісінің тоқсанға жуық жұмыстары қойылады. Олардың әрқайсысы ресейлік заманауи өнер сахнасының айтулы тұлғалары болып табылады әрі олардың шеберлігі бүгінгі жас суретшілер үшін керемет үлгі. Музейде көрмені өткізу арқылы Қазақстанның суретшілері мен келушілері Ресейдің екі мәдениет орталығының көрнекті суретшілері ұсынған тамаша туындылармен жақынырақ таныса алады», - деді Роза Әбенова.

Оның айтуынша, Қазақстанның халықаралық мәдени және интеллектуалдық кеңістікке интеграциясы ең бірінші кезекте әлемдік жаңа үрдістерге ден қою арқылы дами түседі. Ал елімізде заманауи өнерді дамыту үшін әлемнің ілгерілеген өнер өкілдерін Астанаға жиі шақырып, олардың ел мақтаған туындыларымен етене таныс болу маңызды. «Қазақстанның суретшілер қауымдастығы үшін шетелдік әріптестерінің туындыларын көзбен көре, тамашалай таныса алуға да үлкен мүмкіндік болайын деп отыр. Бұны бір жағынан суретшілеріміздің жаңа жобаларын тудыруға септігін тигізер рухани азық деп санасақ та болады», - деді Р. Әбенова.

Тоқтала кететін жайт, алдағы қыркүйек айында дәл осындай көрмелер Астанадағы музейде жалғасын табатын болады. Ал «Ұлылармен сұхбат» көрмесі Астанадан соң Алматыда өткізу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар
telegram