Ұлыстың Ұлы күні қашаннан тойлана бастады?
Адамзат баласы тарихындағы ең көне мерекелердің бірі деп халықаралық дәрежеде мойындалғанымен, Наурыз тойлаудың қашаннан басталғаны туралы нақты деректер жоқ. Мерекенің «Нау-Руз» «Жаңа күн» деген сөзінен шыққаны туралы айтылады. Әйтсе де осы мәселелерге қатысты тарихшы, этнограф, қазақтың әдет-ғұрып заңдары туралы ауқымды еңбектерімен танымал Жамбыл Артықбаевтың пікірін оқырман назарына топтап-топтап ұсынғанды жөн санадық. Еске сала кетейік, Наурызға қатысты этнографтың жазбалары оның әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған. Сонымен, Жамбыл Артықбаев Наурыз мейрамы жайында былай дейді:
Наурыз мейрамының тарихы...
Қазақтың осы төл мерекесінің екі-үш мың жылдық тарихы бар деген пікірді білеміз. Мен Наурыз мейрамы Еуразия даласында екі-үш мың жыл емес, он екі-он үш мың жыл бұрын тойлана бастады деген пікірдемін.
Біріншіден, шығысында Қытай қамалынан басталып Дунайға дейінгі жерді алып жатқан далалық алқап «һоmo sapiens», яғни саналы адам есебінде қалыптасқан орта. Оған себеп далалық алқап жылдың төрт мезгілі түгел континенталды табиғи ортада жатыр, бұл жерде адам табиғатпен партнер, бірде жеңіледі, бірде жеңеді. Бізден солтүстікке қарай жыл он екі ай адам жігерін құм қылатын қыстың суығы ұрып тұрады, бізден оңтүстікке қарай жыл он екі ай бойы адам жігерін езіп жіберетін ыстық аймақтар бар. Табиғатпен тепе-теңдікті ұстау үшін біздің ата-бабаларымыз оны жақсылап зерттеуге мәжбүр болғандығы аян. Наурыз деп біз алдымен күн мен түннің теңелген уақытын айтамыз, оны бар тіршілігі далада өтетін, еркін ойлы, ұшқыр қиялды сахара адамы аңғармағанда кім аңғарады ?!
Екіншіден, қазақтың әңгімелері Наурызды Нұқ пайғамбардың заманымен байланыстырады. Жер бетін топан су басқан оқиға оқырманның бәріне де белгілі. Нұқтың жанында Құдайға сенген сексен адам бар, үш ұл, үш келіні бар алты ай он күн су бетінде қалқып жүріп, өлдік-талдық дегенде Қазығұрт тауының ұшар басына тоқтапты дейді. Біреуі ата-анасынан, біреуі баласынан айрылған, уайым-қайғы басқан ел осы жерде жан шақырыпты. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Нұқтың әңгімесін баяндай келе «Кеменің Қазығұрттың басына тоқтаған күн қасиетті Мұхарам айының оны екен, жұлдыз есебімен санағанда күннің Хамалдың бірінші уәжібіне кірген күні» дейді. Арабтың календары ай есебіне негізделгеннен кейін ылғи да өзгеріп отырады, дегенмен Мұхарам айы оларда қасиетті ай, жылдың басы деп құрметке ие, ал жұлдыз есебімен санасақ Хамал қазіргі уақытта Тоқты аталады және мартқа сәйкеседі. Осы себепті қазақ жерінің батыс аймақтарында Наурызды «Амал мерекесі» деп те атайды, «Амал» дегені «Хамалдан» шығады. Еуразия халықтарының көпшілігінде жаңа санат (григориан) календары кіргенге дейін жыл басы Наурыз болды. Қалай болғанда да Нұқ пайғамбардың кемесі тура Наурызда Қазығұртқа тоқтаған болып отыр. Осыдан кейін Топан су қай заманда болған деген сұрақ туындауы заңды, қазіргі кешенді ғылыми зерттеулер жер бетінде соңғы топан судың біздің жыл санауымызға дейінгі 12-13 мың жылдар бұрын болғанын айтады.
Үшіншіден қазіргі өркениеттің қарқынды дамуы сондай, біз өзімізді ата-бабаларымыздан ақылдырақ санайтын болдық, бұл адасқандық, адами негізден айрылып бара жатқандығымыз. Адамзаттың ең үлкен жаңалықтары көне тас ғасырында жасалған, біздің бабаларымыз миллион жыл бойы шошқа тағалап жүрген жоқ, тірішілікке керекті негізгі ұғымдарды қалыптастырды. Біз сол заманда қалыптасқан ұғымдармен, өзіміз соның маңызына бойламасақ та, әлі өмір сүріп келеміз. Наурыздың тарихын бергі заманнан іздеу адамзаттың көне тарихын, жасампаздығын мойындамаудың көрінісі.
Наурыз деген сөз қандай мағына береді ?
Көп адамдар Наурыз сөзін парсы тілімен байланыстырады. Бұл біржақты пікір. Наурыз сөзі Еуразия халықтарының көпшілігінде бар, әсіресе үнді-иран, герман-латын тілдес халықтарда «новый», «нью», «нео», яғни жаңа деген мағынада қолданылады. Қазақта тұтас бір айдың аты және ай болғанда жылдың басы. Осыған қарағанда бұл сөз Еуразия халықтары жеке тілдерге жіктелмей тұрғанда пайда болған көне ұғым. Жоғарыда біз Нұқ пайғамбар заманы туралы сөз еттік, сол сөзіміздің бір дәлелі осы мысал. Мен наурыз сөзі қазаққа сырттан (парсыдан т.б.) келіп сіңіп кетті деген пікірлердің бәрі негізсіз деймін. Әлемде өзінің жерінен Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтады деп белгі көрсете алатын төрт халық қана: арабтар Жуды тауын, еврейлер Сион тауын, армяндар Арарат тауын, қазақтар Қазықұрт тауын көрсетеді. Енді осыншама тарихи мұраны сақтап келген қазақтың Наурызын өзіміз келіп өзгеге телиміз, дұрыс па ? Жарайды біз парсыдан алдық дейік, сіз солтүстіктегі чуваш халқының наурызды «ноурас-ойахе» дейтін себебін түсіндіріп бере аласыз ба, олардың парсыға қатысы шамалы емес пе ?
Біз Наурызды Қазықұрт сияқты қасиетті жерлерден қарсы алып, содан бастап тойлауымыз керек...