Ұлытау облысын газдандыруға 9,7 млрд теңге жұмсалмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлытау облысын газдандыруға 2027 жылға дейін 9,7 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Энергетика министрлігінің бюджеттік бағдарламасының жобасында айтылған.

Құжаттағы мәліметке сүйенсек, Ұлытау облысын газдандыруға биылдың өзінде 500 млн теңге қарастырылған. Бұл ақша Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде газбен жабдықтаудың тарату желілері бар «Атасу» АГТС және газ құбыры тармағын салуға бағытталмақ. Жалпы осы жобаға 2024 жылы 2 млрд теңге, 2025 жылы 2 млрд теңге, 2026 жылы 2 млрд 287 млн 733 мың теңге бөлу көзделген.

Сондай-ақ, 2024 жылы «Сары-Арқа» магистральдік газ құбырының «Жезқазған» автоматты газ тарату стансасынан Жезқазған қаласына газ тарататын желілер салуға 2 млрд 924 млн 772 мың теңге көзделіп отыр.