Ұлытау облысында 110 медициналық кадр жетіспейді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлытау облысында 110 медициналық кадр жетіспейді. Бұл тралы Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлытау облысында 110 медициналық кадр жетіспейді

«Бүгінді таңда өңірде (Ұлытау облысы) қызмет көрсетілетін халықтың саны 221 395 адамға 46 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 35 – алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымы, 11 – стационар. 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік медициналық ұйымдардың медицина қызметкерлермен қамтамасыз етілуі 275 бірлікті, тапшылық – 111,5 бірлікті құрайды», - делінген Тамара Дүйсенованың Мәжіліс депутаттары сауалына берген жауабында.

Оның атап өтуінше, ең үлкен қажеттілік фтизиатрларда, педиатрларда, сәулелік диагностика дәрігерлерінде, кардиологтарда, акушергинекологтарда байқалады.

«Медицина қызметкерлерінің тапшылығын азайту және кадрларды тарту мақсатында облыс мәслихатының шешімімен осы жылы өңірге келген мамандарға көтерме жәрдемақы 75 млн теңге (15 адамға) мөлшерінде төлеуге сома көзделген. Бұдан басқа тұрғын үймен қамтамасыз ету (жатақханалар салу) және жалдау төлемдерін төлеуге жергілікті бюджет қаражатынан бөлу мәселелері пысықталуда», - деді министр.