13:47, 16 Қараша 2022 | GMT +5
Ұлытау облысында 19 жолаушы мінген автобус аударылды
ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат – Ұлытау облысында 19 жолаушы мінген шағын автобус аударылды. Салдарынан 3 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
«16 қарашада Байдалы би ауылының маңындағы «Қызылорда – Павлодар» автожолының 722-шақырымында шағын автобустың жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, 19 жолаушы мінген көліктің аударылуына жол берді. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 3 адам зардап шекті», - делінген мәліметте.
Оқиға туралы хабарлама Ұлытау облысының трасса бойындағы «Ақтүбек» медициналық-құтқару пунктінің (ТМҚП) диспетчеріне Жаңаарқа ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінен түскен.
«Оқиға орнына арнайы реанимобильмен жол бойындағы пункт бригадасы дереу жетті.
ТМҚП бригадасы зардап шеккен 3 адамға көмек көрсетті. Зардап шеккен 1 адам орташа дәрежедегі жарақаттармен Жаңаарқа ауданының орталық аудандық ауруханасына жатқызылды», - делінген министрлік ақпаратында.
Фото: gov.kz