Ұлытау облысында 9,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы халықты жұмыспен қамту шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, бүгін Үкіметте Ұлытау облысын қайта жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар таныстырылды.
«Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және бизнестің экономикалық белсенділігінің өсуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. 9,5 мыңнан астам жұмыс орнын құру және 1 триллион теңгеден астам жеке инвестиция тарту мультипликативті әсер береді», - деді Берік Әбдіғалиұлы Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Әкімнің айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының құралдары белсенді қолданылады және «Табысқа жету жолы» өңірлік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беріліп, Жезқазған қаласында көтерме-тарату орталығы салынады.
«Агроөнеркәсіптік кешен саласында 11 инвестициялық жобаны іске асыру өңірге 8 млрд теңгеден астам инвестиция тартуға мүмкіндік береді және облыс тұрғындарын ет және сүт өнімдерімен, картоппен және көкөністермен қамтамасыз етеді», - деді Б. Әбдіғалиұлы.
Сондай-ақ, өңірге туристерді тарту үшін Жезқазған қаласында қонақ үй кешендері, Ұлытау ауданында туристік орталық және санаторий үлгісіндегі демалыс үйі салынады.