Ұлытау облысында инженерлік инфрақұрылым 80% тозған

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңірдің шешілмей жатқан өзекті мәселелері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлытау облысында инженерлік инфрақұрылым 80% тозған

«Өңірде көптеген проблемалар шешілмей, қордаланып қалғаны өздеріңізге аян. Ол күрделі экологиялық ахуал, ауыз су сапасының төмендігі, оған қоса инженерлік инфрақұрылымдардың тозуы 80% асады, апаттық тұрғын үй үлесі жоғары, жолдардың тозу деңгейі шамамен 30%, ауыл шаруашылығы өнімдері мен жеміс-көкөніс дақылдарының негізгі түрлерін өсіру мүмкіндігінің жоқтығы негізгі азық-түлік өнімдері бойынша бағаның өсуіне әсер ететін және облыс экономикасының дамуын тежейтін негізгі факторлар болып отыр», - деді Берік Әбдіғалиұлы Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Әкім Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленгенін атап өтті. Кешенді жоспар жобасы әртүрлі салалар бойынша жобаларды іске асыруды көздейтін 9 бағыттағы 126 іс-шараны қамтиды.


Фото: orenews.ru