Ұлытау облысында мемлекеттік жаңа техникалық университет ашылуы мүмкін

None
None
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Ұлытау облысында мемлекеттік жаңа техникалық университет ашылуы мүмкін. Бұл туралы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде мемлекеттік университетті құру мәселесін көтерген едім. Мұндай оқу орындарының қаражаты көбірек болады. Яғни, жаңа қондырғы алу керек, жаңа оқыту әдісі қамтылуы тиіс. Президент Үкіметке техникалық университет ашу тапсырмасын берді. Жақында Ғылым және жоғары білім министрімен сөйлестім. Олар бұл мәселені қарастырып жатқандарын айтып отыр», - деді Б. Әбдіғалиұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол аталған мәселені шешудің жолын ұсынды.

«Сәтбаевта Қазақмыстың колледжі, политехникалық колледжі және Тау- кен металлургиялық колледжі бар. Бұл оқу орындарында біздің балалар білім алып жатыр. Алдағы уақытта техникалық университет ашылатын болса, үш колледжді біріктіріп, бір техникалық жоғары оқу орны етіп бастасақ деген жоспар бар. Үш колледждің негізінде мемлекеттік оқу орны болып құрылса, онда болашақта Үкіметтен үлкен жаңа ғимарат пен жатақхана салу ескеріледі», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, облыс мәслихаты Ұлытау облысының 2022-2024 жылдарға арналған бюджетін қабылдады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысы бюджетінің бікітілуіне орай, өңірдегі маңызды нысандардың құрылысы жүргізілетінін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар