Ұлытау облысының халқы 130-дан астам сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр
Ұлытау облысында екі аудан мен 3 қалада 227 мың адам тұрады. Оның 140 мыңы сайлауға қатысуға құқылы.
Тізімге тіркелген дауыс берушілердің ең көбі Жезқазған қаласына тиесілі. Бір ғана 235-ші сайлау учаскесінде дауыс беруге құқылы 2300-ге жуық адам тіркелген.
«235 сайлау учаскесіне халық өте белсенді келіп жатыр. Елдің көңіл күйі жақсы. Біз бұл жерде ешқандай ереже бұзылмауын бақылып отырмыз. Ешқандай форс-мажор болған жоқ», - дейді №235 сайлау учаскесінің байқаушысы Жүрсін Жақия.
Әсіресе, жастар белсенділік танытып жатыр.
Сонымен қатар жаңа облыста мүмкіндігі шектеулі жандар да азаматтық борышын орындауға асығуда.
Олар үшін өңірдің сайлау учаскелерінде қажетті жағдай жасалған. Ұлытау облысында 500-ге жуық мүгедектер бар
.Олардың жүріп-тұруын жеңілдету үшін 4 инвотакси қарастырылған.
Сонымен қатар, ауруханада ем алып жатқан науқастар, қарттар үйінің тұрғындары мен тергеу изоляторында отырғандар да азаматтық ұстанымын білдіруге мүмкіндік алды.
Оларға арнайы көшпелі дауыс беру жәшігі жеткізілді.
«Бұл сайлау еліміздің болашағы үшін, бала-шағамыздың болашағы үшін өте маңызды болғандықтан, осы сайлау учаскесінде дауыс беріп жатырмыз. Бұл мереке жақсы жағынан көрініп жатыр. Бәрі қолдарынан келгенше шын көңілдерімен дауыстарын беріп, көңіл көтеріп, билеп,дауыс беруде», - деді Ұлытау облысының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тұрғыны Мұрат Алдажаров.
Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларында 1000-ға жуық адам жұмыс істеп жатыр.
Ал, тұрғылықты тіркеуі жоқ азаматтар облыс бойынша 5 сайлау учаскесінде уақытша тіркеуге тұрып, дауыс берді. Бұл күні тұрғындар қоғамдық көлікте тегін қатынады.