«Ұлытау» тобы алыс шет елдерге гастрольге шықпақ
АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Этно-рок жанрында өнер көрсетіп жүрген қазақстандық «Ұлытау» тобы биыл алыс шет елдерге гастроль жасауды жоспарлап отыр.
Бұл туралы meloman.kz порталына берген сұхбатында топ мүшесі Максим Кичигин мәлім етті.
«Биыл біз алыс шетел мемлекеттеріне гастроль жасауды жоспарлап отырмыз. Біздің шығармашылығымыз және қазақ даласының әуезді әуендері еліміздің шет мемлекеттерінде тұратын адамдарға ұнайтындығы қуантады. Бұдан бөлек ұжымның алға қойған мақсаттары бар, алайда әзірше барлық сырларымызды ашпаймыз», - дейді ол.
Сонымен қатар оның айтуынша, жақын арада топтың жаңа альбомы жарыққа шықпақ. Оған 10-12 жаңа композиция енеді. Әзірлік кезеңінде жатқан жаңа альбомның атауы әзірге «Жаңа күн» деп аталады.