«Ұлытау» тобының концерті Muse, U2 концерттерімен деңгейлес өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әр концертіне 10 мыңнан 100 мыңға дейін тыңдарман жинайтын Қазақстанның «Ұлытау» этно-рок тобы биыл 15 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осынау мерейлі датаға арналған концерт бұл жолы Астана күніне орай елорда төріндегі «Алау» мұз сарайында өтпек. Топ өнер көрсетуге сақадай-сай және бүгін олар көрерменсіз алғашқы концертін өткізді десек те болады.
«Бұл біртүрлі көрінуі де мүкін, алайда бізде барлығы да дайын. Негізі бүгін біз кешкісін толық видео жазба жүргіземіз. Бұл концерттің видео нұсқасы барынша сәтті шығу үшін жасалады. Яғни, бүгін және ертең толыққанды концерт береміз десек те болады», - дейді бас режиссер Андрей Еремин.
Оның атап өтуінше, кеш барысына жоспарланған 37 әннің барлығы да арнайы әрлеумен бірге орындалады. Концерттің видеоконтенті Канада, Ресей, Украина және Қазақстанда әзірленген.
«Бұл концертті кез келген елде ұялмай көрсетуге болады. Меніңше, ол мәселен, Muse, U2 концерттерімен деңгейлес өтеді. Яғни, дыбысы да, орындалу сапасы да, жарығы да, сахнасы мен техникасы да олардан кем болмайды», - дейді ол.
Өз кезегінде «Ұлытау» тобының продюсері Қыдырәлі Болманов бұл концерттің қайырымдылық негізде өтетіндігін айтты.
«Біздің мерейтойлық концертіміз бақытымызға орай қасиетті Рамазан айында, айт күндерінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына тұспа-түс келіп отыр. Сондықтан біз түскен қаржыны балалар үйіне, науқас балаларға береміз. Мұнан бөлек, шамамен 2 мың билетті мереке құрметіне орай қала қонақтарына тегін таратамыз. Айт мерекесін бүкіл әлем тойлап, сыйлықтар тарту етеді. Әрбір адамнан тамшыдай болса да қайырымдылық болуы тиіс», - деді Қ.Болманов.