«Ұлытауда төл тарих ұлықталды» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 25 тамыз, сейсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінде «Ұлытауда төл тарих ұлықталды» деген мақала берілген. Өткен аптаның соңғы күндері Қарағанды облысындағы Ұлытау ауданында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік шаралар өтті. Мерекелік шаралар «Үйтас» деп аталатын жерде «Бұланты шайқасы» атты ескерткіш ұстынының ашылуымен басталды. Батырлықтың белгісіне қойылған монументтің лентасын алғашқы ғарышкеріміз, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров пен облыс басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков қиды. Жоңғарларға қарсы алғашқы жойқын шабуылдың Ұлытау жеріндегі Бұланты-Білеуті төңірегінде болғаны тарихтан мәлім. Бұл соғысқа үш жүздің барлық әскері қатысқан деген дерек те бар. Бір мәліметте Ұлы жүзден жеті мың, Орта жүзден он мың, Кіші жүзден он мың әскер жоңғарға қарсы көтерілгені көрсетіледі. Енді бір деректе барлығы қырық төрт мың қазақ жасағы шайқасқаны туралы сөз бар.
Бас басылымның бүгінгі санында сонымен қатар « Теңге күн санап тұрақтылыққа қарай бет алып келеді» атты көлемді мақала жарық көрді. Бәлки, қаржы-несие саясаты тұрғысынан қарағанда, бұл әлі елеусіздеу көрініс шығар. Бірақ бір нәрсе айқын: теңге әдепкі еркін айырбас бағамына жіберілген күнінен кейін одан әрі құлдырап, кетіп қалған жоқ, ол қайтадан біртіндеп жоғары көтеріліп келеді. Осы тұста ұлттық валюта бағамының еркін белгілену тәртібіне өтуіне байланысты туындаған бастапқы дақпырт пен дүрлігіс те саябырси бастады. Елдің валюта және тұтыным рыногында екінші күні қылаң берген көріністің өзі мәжбүрліліктен жасалған бұл шараға жұрттың біршама көндігіп, жаңа экономикалық ақиқатқа бейімделуге көшкенін білдірді.
«Шыны керек, әйтпесе әуелгіде теңге бағамының күрт төмендеу қарқыны тым қатты еді. Ол келесі күні-ақ Қазақстан валюта биржасында (KASE) таңертең жүрген саудада 198,05 теңгеден 255,26 теңгеге бір-ақ секірді. Ал кешке қарай 1 доллардың орташа бағамы тіпті 259,25-ке жетіп тоқтағанда, оның шектелер шегі бұдан да әріде жатқаны туралы талай тұжырымдар айтылған. Алайда, бәрі керісінше болып шықты. Теңгенің долларға қатысты бағамы енді кері қарай айналып, өзінің еркін жүзу үдерісін бастар кезіндегі шағына ақырындап жақындай түсті. Сол үрдіспен ол тағы екі күннен кейін ресми есепте 218 теңгеге дейін төмендеді. Соның нақты айғағы, кеше республика айырбас бекеттерінде доллардың сатып алу құны 218 теңгеден қайырылса, сату құны 220-ға тұрақтады. Бұл екі ортада Шымкентте бұл бағамның тіпті 210 теңге маңайында тұрғаны туралы да хабар келді»,-деп жазады мақала авторы.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Теңгенің еркін айналымға түсуі әкімқараларды орнынан қозғады деуге болады. Доллардың теңгеге шаққандағы құнының бір-ақ күрт өсуі азық-түлік бағасының қымбаттауына алып келеді-ау деген күдікті қоюлатып жіберді. Сол-ақ екен, әкімдіктегілер базар аралап кетті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов әкімдердің бұлайша базар аралап, бағаны көтерме деуі нарықтық саясатқа жатпайтынын айтады.
- Әрине, мемлекет өз тарапынан халыққа қажетті әлеуметтік тауарларға қадағалау жасайды. Бірақ оның да нарықтық және әкімшілік жолы бар. Біздіңше, нарықтың жолын таңдаған жөн. Біз жыл сайын осындай жағдай болғанда, әкімшілік жолды іске қосамыз. Әкімдіктер базарларды, дүкендерді аралап, бағаны көтерме деп айтады. Меніңше, бұл нарықтық саясатқа жатпайды, -- деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. Абылай Мырзахметов халыққа қажетті әлеуметтік тауарлар құнын әкімшілік емес, нарықтық жолмен қадағалау қажет деп санайды. Бұл мақала « Әкімдердің базар аралауы нарықтық саясатқа жатпайды» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымда «Теория мен тәжірибеге - 12 млрд теңге» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Білім саласындағы теория мен тәжірибені ұштастыруға 12 млрд теңге жұмсалғандығын атап өтті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі «10 ЖОО - 10 колледж» тақырыбы аясында өткен баспасөз брифингке келген Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев мәлімдеді.
- Мемлекет басшысы жариялаған «100 нақты қадам» жобасы аясында өткен біз білім беру ісінде бірқатар ауқымды шараларды жүзеге асырдық. Соның бірі - 2011 жылдан бері қолға алынған бағдарламаның екінші кезеңі бойынша, теория мен тәжірибені ұштастыруға 12 млрд теңге жұмсалды. Нақтылай түсетін болсам, ол былай: елдегі жоғары оқу орындары мен арнайы колледждерде 1402 жаңа зертханалық жабдықтармен жарақтандырылған алаңқайлар ашылған болса, оның жалпы құны 9 млрд теңгені құрады. Мұның ішіндегі 500 -ден астам орталығы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған болса, қалған 3 млрд теңгесі Дүниежүзілік банктің арнайы гранттары есебінен іске асырылды, - деді Есенғазы Нұртөлеуұлы.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Биыл 370000 бүлдіршін 1-сыныпқа барады!» деген материал берілген. Санаулы күндерден кейін елімізде жаңа оқу жылы басталады. Қазір жер-жерде осынау маңызды іске дайындық жұмыстары жүргізілуде. Облыс, аудан орталықтарында жыл сайынғы дәстүрлі Тамыз конференциялары өтуде. Биыл ел мектептерінің табалдырығын 370 мың бүлдіршін аттайды деп күтілуде. Ал мектеп бітірген түлектердің саны 124 346 болса, 82865 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. 14 420 түлек 100 балдан жоғары нәтиже көрсетті. «Алтын белгі» иегері болып табылатын 2 205 оқушы күткендегідей білім көрсеткіштерін байқатты. Республика бойынша ең жоғары 125 балды - 5 түлек жинаған.
Бұл күндері еліміз бойынша жаңа оқу жылына дайындық қызу жүріп жатыр.