Ұлытауды заман талабына сай тарихи қорыққа айналдыру мемлекеттің маңызды міндеті - А. Смайыл
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақ үшін қасиетті саналатын Ұлытаудың төңірегіндегі тарихи таңбалы тастарды қаз-қатар тізсеңіз 25 шақырымға созылады екен. Бүгінгі күні сол асыл қазынаны, дүбірлі дәуірлерден жеткен құнды мұраны қорғау мәселесі көпшілікті алаңдатады. «Ұлытауға барсам ғасырлармен тілдесемін», деп келіп-кеткен жұртшылық тастағы таңбаны тәбәрікке ала салса, тарихтың тәлімінен бейхабар жастар қолтаңбасын қалдырып, есіл дүниені бүлдіріп жіберген. Осының бәрі Ұлытаудай киеге білікті ие керек дегізеді», деді депутат.
Оның айтуынша, тарихи киелі жерді барлық жағынан қамтамасыз етілген, өз еліміздің де шетелдің де талабынан шығатын тарихи қорыққа айналдыру ұлттық және мемлекеттік маңызды міндет болып табылады. «Ұранды таудың осындай үміті - бізге жеткен қария тарихтың да үміті. Сол үмітті ақтаудың алғашқы қадамын Ұлытауға арнайы экспедиция ұйымдастырып, ондағы тарихи көне ескерткіштердің бүгінгі жай-күйін анықтаудан бастау керек. Көптің тілегі де осы», деді А. Смайыл.