Ұлытауға былтыр 14 мыңнан астам турист келген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлытауға былтыр 14 мыңнан астам турист келіп, тарихи ескерткіштер мен киелі өңірлерді аралап қайтқан. Бұл туралы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы директорының орынбасары Баян Шайгөзова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Біз кейінгі 8 жылдың ішінде туризмді дамыту үшін бірқатар іс-шараны атқарып келеміз. Біздің музей Қазақ ұлттық географиялық қоғамымен, «National Geographic Qazaqstan» журналымен серіктес. Яғни, үлкен-үлкен серіктестеріміз баршылық. Қорды сақтау жұмыстарына келетін болсақ, қорымызға биыл 63 жәдігер қабылданып, оның 34-і негізгі қорға енгізілді. Сондай-ақ, 15 этнографиялық жәдігеріміз қайта қалпына келтірілді. Мұраларды қалпына келтіре алатын бізде ісмерлеріміз бен шеберлеріміз бар», - дейді Баян Шайгөзова ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, музей-қорығының архитектуралық тобы республикалық және жергілікті маңызы бар тарихи кешендерде, Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл, Талсай кешендері, Дулығалы мешіті, Алтын шоқы, Әулие тау ескерткіштеріне аннотациялық мәні бар баннерлер орнатқан.

«Ескерткішті біз қорғап, сақтау үшін ең алдымен қоршауымыз керек. Қоршау болатын болса, оларды малдан да, басқадан да сақтай аламыз. Музей қорығы жанынан құрылған архитектура тобы ұстахана ашқан болатын. Темірден түйін түйетін ұсталарымыз қоршау шарбақтарын жасайды. Көптеген ескерткішті келешекке қалдыру үшін өзіміздің қолтаңбамызды қалдырмасақ, ескерткіштерді ғасырлар бойы сақтап қала алмаймыз», - дейді ол.

Баян Шайгөзова осындай жұмыстардың арқасында Ұлытау келетін туристердің саны жыл санап артып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Экспозиция және экскурсия туралы айтар болсақ, былтыр Ұлытауға экскурсияға 14 мыңнан астам турист келіп кетті. Оның 200-ден астамы - шетелдіктер. Туристердің бәрі біздің өңірге келгеннен кейін тарихи өңірлерге барады. Қысымыз қатал, климатымыз суық болғандықтан, маусымдық жұмыстар бізде мамыр айынан басталып, қыркүйекте аяқталады. Алайда қыста да экскурсияға келетіндер баршылық», - дейді ол.

Фото: egemen.kz

Соңғы жаңалықтар