Ұлытаулық қарт жиһанкез Түркістанға жетті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін жаңадан құрылғалы отырған Ұлытау облысынан киелі Түркістан шаһарына 72 жастағы жиһанкез Сәрсенбай Қотырашов келіп жетті. «Ұлытауға бардың ба?» деп аталатын қарияның бұл марафоны 31 наурыз күні басталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мен бұл марафонға жеті жыл бойы дайындалдым. Мақсатым – қолөнер шеберлерімен кездесіп, халыққа Ұлытау тарихын таныстыру. Соның ішінде «Көкмайса» фестивалін насихаттау да бар. Қазақстанның барлық өңірлерін айналып өтуді жоспарлап отырмын. Күні кеше ғана Қызылорда облысынан өтіп, киелі Түркістанға келіп жеттім. Күтіп алып, қонақжайлық көрсетіп жатқан баршаңызға алғыс айтамын. Ертең Алла қаласа Шымкентке жолға шығамын»

, - дейді жиһанкез.

Қоларбасын жанына серік еткен Сәрсенбай қарияны Түркістан облыстық «Рухани жаңғыру» кеңсесінің қызметкерлері күтіп алды. Сый-сияпат жасап, сапарына сәттілік тіледі.

Қария күніне 40 шақырым жол жүреді. Арықарайғы бағдары - Тараз, Алматы, Талдықорған қалалары. Ол Қазақстанның үздік қолөнершілерінің тізімін жасап шығуды жоспарлапты.

«Азапты болса да, алға қойған мақсатым жаймен орындалып келеді»

, - дейді ақсақал.

Сәрсенбай Қотырашов - Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының қызметкері, еңбек ардагері. Ол жаяу марафонға 31 наурызда шыққан болатын. Жоспары бойынша қарашаға дейін бүкіл өңірді аралайды.


Соңғы жаңалықтар