«Үміт сәулесі» атты жаңа кітап оқырманға жол тартты

АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - ҚМДБ-ның білікті маманы, «Нұр Астана» орталық мешітінің бірінші найб имамы Наурызбай Тағанұлының «Үміт сәулесі» атты жаңа кітабы жарық көрді, деп хабарлады muftiyat.kz.

«Үміт сәулесі» атты жаңа кітап оқырманға жол тартты

Аталмыш жаңа кітапқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өз пікірін білдірген. Онда Бас мүфти былай дейді: «Автор Тағанұлы Наурызбай Өтпенов - көп жыл дін саласында аянбай қызмет атқарып, ел ықыласына бөленіп жүрген жан. Дін насихатындағы талай жылғы тәжірибесін ортаға салған ол кітабында исламдағы құндылықтар жүйесіне ерекше мән беріп, өзгеден ерек ұмтылып, тың тақырыптарға қалам тартып, оқырмандарға жаңа туынды ұсынып отыр. Айталық, адами мінез, адамгершілік қасиеттерді сөз етумен қатар, «Қайғыны сейілту», «Мансап - уақытша ләззат», «Достық», «Кешегі тарих өтті, ертеңгі белгісіз, бүгінгің - сый» сынды тақырыптар исламның нәзік тұстарының сырларын тереңірек аша түскендей».

Міне, автор Н.Тағанұлы рухани әлсіздікке, тұрмыстың ауыртпалығына душар болған жандарға демеу болу мақсатымен қолына қалам алып, ой елегін қағаз бетіне түсіруді жөн санаған.

Сиясы кеппеген тың еңбегінде автор оқырманға ой саларлық өнегелі тақырыптарды топтастыра келе, аят-хадистердің астарлы мәнін түсіндіріп, күнделікті өмірге қажетті ақыл-кеңестер мен мұсылмандық ізгі қасиеттерді де сөз етеді.