Үмітжан Еңсебаева: Ұстаздық – мен үшін үлкен мәртебе

Үмітжан Еңсебаева
Фото: Ақорда

Республика күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алған Степногор қаласындағы №4 «Болашақ» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатының мұғалімі Үмітжан Еңсебаева қуанышын бөлісті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Үмітжан Солтанқызы 1966 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданындағы Қайрат ауылында дүниеге келген.

Көкшетау педагогика институтын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1988 жылы туған ауылындағы орта мектепте география және музыка пәнінің мұғалімі болып бастаған.

2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Степногор қаласындағы № 4 «Болашақ» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.

Үмітжан Солтанқызы зерттеушілік талантымен, әдістемелік шеберліктің жоғары деңгейімен, шығармашылығымен, зейінімен және өз жұмысына жауапкершілікпен қарауымен ерекшеленеді.

2023 жылы «Ұшқыр ой мен шешен тіл» педагогикалық жұмысы облыстық «Үздік авторлық жұмыс» байқауында үздік деп танылды.

Үмітжан Солтанқызының шәкірттері жыл сайын республикалық деңгейдегі байқауларда топ жарып келеді.

Көп жылдар бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, еңбегі де елеусіз қалмады.

ұстаз
Фото: Үмітжан Еңсебаеваның жеке архивінен

Шәкірттерін байқауларға үздік дайындағаны үшін Үмітжан Солтанқызы 2020 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің алғыс хатымен, 2022 жылы Ақмола облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған еді.

Енді міне, Республика күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болып отыр.

Еңбек өтілі 35 жылды құрайтын ұстаз білім саласындағы ұзақ жылғы тынымсыз еңбегінің елеусіз қалмағанына қуанышты.

— Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы түрлі сала мамандарын марапаттап, ерекше ілтипат көрсетті. Соның ішінде ұстаз ретінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алу — мен үшін үлкен бақыт. Бұл — мемлекетіміздің ұстаздарға деген ерекше құрметі деп білемін, — деп қуанышын бөлісті марапат иесі Үмітжан Еңсебаева.

мұғалім
Фото: Ақорда

Айта кетсек, бұдан бұрын Республика күніне орай Ақмола облысында бір топ кітапханашы марапатталған еді. 

Соңғы жаңалықтар