Ұн бағасын негізсіз көтерген ұн тартатын кәсіпорындар жазаланатын болады - ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің басшысы

АСТАНА. Тамыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ұн бағасын негізсіз көтерген ұн тартатын кәсіпорындар жазаланатын болады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңес барысында ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің басшысы Мәжит Есенбаев айтты.
None
None

Ұн бағасының көтерілуіне экономикикалық немесе басқа негіздің жоқ екендігін алға тартқан ол, «бұның барлығы алыпсатарлық ниеттен туындайды. Оған әкімдіктер мен сәйкес органдар қадағалау жүргізу қажет», деді. Сонымен қатар ол еліміздегі азық-түлік таураларының бағасы бойынша жағдайдың тұрақты екендігін және ұн мен нан өнімдерінің құнының көтерілуіне ешқандай негіздің жоқтығын атап өтті.

Алайда агенттіке түскен шағымдардың негізінде тергеу амалдары жүргізілетіндігін атап өткен М.Есенбаев деректер анықталатын болса, онда ұн тартушы кәсіпорындардың жазаланатындығын баса айтты. «Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында, ал қазір Маңғыстау облысында орын алған оқиғалар бойынша тергеу амалдары аяқталуға жақын. Егер ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі тауар өндірушілер арасындағы ымырашылдық белгілерін анықтаса, онда олар ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады», деді.

Естеріңізге сала кетейік, шілде айының ортасында Жамбыл облысында нан бағасы 33 теңгеден 45 теңгеге дейін көтерілді. Наубайшылар нан бағасының күрт өсуіне ұнның еліміздің солтүстік өңірлерінен жеткізілуі себеп болды деген ойларын алға тартқан болатын. Араға бір күн салып, Оңтүстік Қазақстан облысында да нан мен ұн бағасы шарықтап шыға келді. Орын алған жағдайды тұрақтандыруға шамасы келмеген жергілікті билік ел Үкіметінен көмек сұрауға мәжбүр болды. Үкімет қабылдаған шаралардың арқасында оңтүстік өңірдегі нан бағасының 37 теңгеден 32 теңгеге дейін төмендетуге қол жеткізілді. Қазіргі уақытта аталған өңірлердегі нан бағасы тұрақты.

Соңғы жаңалықтар