Үнді әріптесіңізге сыйлық таңдағанда сиыр терісінен жасалған бұйымдарды ала көрмеңіз
АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат- Көп елде сол жақпен жүру жол ережесі қабылданған. Бұларға Австралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Ирландия, Индонезия, Кения, Кипр, Малайзия, Мальта, Пәкістан, Таиланд, Танзания, Үндістан, Ұлыбритания, Шри-Ланка, Ямайка және басқа елдер жатады.
Австрияда, Германияда, Нидерландыда, Швейцарияда заңдар мен тәртіптерді қатаң сақтайды. Жол жүру ережесін бұзған кезде неміс азаматтарының полицияға жасырын телефон шалуы жиі кездеседі. Тыйым салынған жерлерге көлікті қойғаныңыз үшін айыппұл төлетеді немесе оны эвакуатормен алып кетуі мүмкін, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.
АҚШ-та ер адамдар мен әйел адамдар арасында теңдік қағидаты сақталады, әйелдерге дөрекілік танытса немесе оларға жай ғана қырындағаны үшін сотқа беруі мүмкін. Үндістанда үнділер қонақтармен қолды қысып амандасудың орнына «намасте» (немесе «намаскар») жасап, кеудесіне екі қолын айқастырып қойып қарсы алады. Бірақ осыдан кейін қолыңызды алуы мүмкін. Үнді әріптесіңізге сыйлық таңдағанда сиыр терісінен жасалған бұйымдарды алмаңыз, себебі Үндістанда сиыр - киелі жануар. Таиландта буддизм мен оның дәстүрлерін құрметтеу керек. Ғибадатханға немесе тайлардың үйіне кірерде аяқкиімді шешу қажет. Тайлар аяқкиімін қай жерде шешсе, сол жердің бәрінде тура осылай істеу керек. Қытайлар «жоқ» деп айтқанды ұнатпайды, сондықтан тура жауап бермеу үшін абайлап сөйлейді. Бұл басқа елдің өкіліне түсініксіз болуы мүмкін. Арқадан қағуға, қолды ербеңдетуге, жұдырықпен екінші қолдың алақанын ұруға болмайды, өйткені мұның барлығы өрескел деп саналады.