Үнді дәрісінен 65 бала қайтыс болды - Өзбекстанның жоғарғы соты

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Бүгін Ташкент қалалық сотында «Док-1 Макс» жөтелге қарсы үнді шәрбатынан балалардың қайтыс болуына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Үнді дәрісінен 65 бала қайтыс болды - Өзбекстанның жоғарғы соты

Өзбекстан Жоғарғы сотының мәліметінше, «Док-1 Макс» препараты туралы қылмыстық іс бойынша бекітілген айыптау қорытындысына сәйкес, 65 бала қайтыс болған.

Барлығы 21 айыпталушы – Quramax Medical үнді дәрілерінің дистрибьюторы және импорттаушы компанияның қызметкерлері, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сараптау және стандарттау мемлекеттік орталығының лауазымды өкілдері сот алдында жауап береді. Оның ішінде Quramax Medical компаниясын басқарған Үндістанның 51 жастағы тумасы және қамауға алынғанға дейін Өзбекстанның фармацевтика саласын дамыту агенттігі мен дәрі-дәрмектерді сараптау және стандарттау мемлекеттік орталығын бір мезгілде басқарған 41 жастағы С.К. бар.

Айыпталушыларды 184 (салықтарды немесе алымдарды төлеуден жалтару), 186 (сапасыз не жалған дәрілік заттарды немесе медициналық мақсаттағы бұйымдарды өткізу немесе өткізу мақсатында өндіру, дайындау, сатып алу, сақтау, тасымалдау, дәрілік заттарды немесе медициналық мақсаттағы бұйымдарды дәріханалардан және олардың филиалдарынан тыс жерде өткізу, сондай-ақ бөлшек саудада өткізу тәртібін бұзу), 205 (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану), 207 (лауазымдық немқұрайлылық), 209 (лауазымдық жалғандық), 210 (пара алу), 211 (пара беру), 212 (пара беру делдалдығы) және 228 (құжаттарды, мөрлерді, бланкілерді дайындау, қолдан жасау, оларды өткізу немесе пайдалану) баптары бойынша соттайды.

Еске салсақ, 27 желтоқсанда Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігі «Док-1 Макс» препаратын қабылдаған 18 баланың көз жұмғанын растайтын тексеру нәтижесін жариялады.

Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі (МҚҚ) 18 баланың тұмауға қарсы үнді дәрісінен кейін көз жұму оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғады.

Ал, Қазақстан билігі бұл дәрінің елде тіркелмегенін және сатылымда жоқ екенін хабарлады.

Айта кетсек, жуырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы суық тию мен аллергияға қарсы қолданылатын NATURCOLD препаратының қауіптілігі туралы ескертті.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында Үндістанның Денсаулық сақтау министрлігі жөтелге қарсы сироп шығаратын Riemann Labs фармацевтикалық компаниясының қызметіне тыйым салғаны туралы ақпарат тарады. Камерундағы балалар осы сироптың салдарынан қайтыс болуы мүмкін деп күдіктенеді. Компанияның лицензия нөмірі NATURCOLD препаратының қаптамасындағы лицензия нөміріне сәйкес келеді. Айта кетейік, NATURCOLD Қазақстан Республикасында тіркелмеген, сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда сегментінде сатылмайды», - делінген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті ақпаратында.