Үнді сериалдары ұлттық болмысымызды бұзып барады - баспасөзге шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, қазіргі таңда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мемлекеттік қызмет саласындағы мемлекеттік менеджментті енгізу туралы Елбасының тапсырмасына сәйкес заманауи, кәсіби, дербес мемлекеттік аппаратты құру жұмыстарын жетілдіруде. Олар мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің екінші кезеңінде қойған тапсырмаларына сәйкес болады. Бұл жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Саян Ахметжанов мәлімдеген. «Мемлекетті тиімді басқаруды дамыту» тақырыбындағы жиында мемлекеттік аппараттардың кәсібилігін арттыру тетіктері сөз болды. Қосымша мемлекет қызметкерлерінің жалақысын көтеру мəселесіне бонустық жүйені құру үшін мемлекеттің төлемақы жүйесін жетілдіру мəселесі бойынша жарлық əзірлеудеміз. Əр мемлекеттік қызметкер өзінің қызмет ететін жұмыс орнының тиімділігін күшейтуге мүдделі болуы тиіс», - деді С.Ахметжанов. Мақала «Білікті маман - заман талабы» деген тақырыппен берілген.
Жақын арада АҚШ-тың классикалық радиосының әуе толқынында қазақ музыкасы орындалатын болды. Халықаралық ынтымақтастық және тәжірибе алмасу мақсатында «Classical KUSC» (ЛосАнджелес, АҚШ) радиостансасының бас мамандары Бренда Барнерс (Оңтүстік Калифорния университетінің радио және «Classical KUSC» президенті) және Кристофер Мендез (заманауи технологиялар маманы) Алматыдағы «Classic» радиосында («Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының құрамына кіреді) қонақта болғанда осы мәселеге орай журналистерге өз пікірлерін білдірді. Бұл жайында « Егемен Қазақстан» газетіндегі «Әлемге тарайтын әуен» деген тақырыптағы мақалада айтылған. «KUSC» радиосының президенті Бренда Барнс: «Бұл радио - мен көрген классикалық музыканың үздік радиоларының бірі. Сіздермен танысып, әрі ұзақ мерзімді әріптестікке қол жеткізгенімізге қуаныштымыз. Қаланың көрікті жерлерін аралап, жақсы әсерге бөленген жайымыз бар. Бізге қазақ халқының қонақжайлығы, кәсіби қарым-қабілеті ұнады. Қазақстанның қазіргі табыстарына таңғалмасқа лажың жоқ», - деп ағынан жарыла әңгімелеген. Ал «Classic» радиосының директоры Раушан Жұманиязова әріптесінің пікіріне орай: «Лос-Анджелестік әріптестерімізбен кездесуіміз сәтті өтті. Біз көптеген пайдалы ақпаратқа қол жеткіздік. Ең бастысы, Лос-Анджелесте, Сан-Францискода, Санта-Барбарада, Санта-Кларита мен Палм-Спрингста, Таузенд-Оукстте қазақ музыкасын, біздің композиторлар мен орындаушылардың өнерін әуе толқынында тарататын тұрақты бағдарлама туралы келісімге қол жеткіздік. Қазақ әуенінің әуе толқыны арқылы әлемге паш етілуі біз үшін өте маңызды», - деп атап көрсетті.
***
«Елімізде жыл сайын заңгер мамандығы бойынша 18-20 мыңнан аса бакалавр дайындалады. Бұл дегенің нарықтағы сұраныстан да артық болып отыр. Дегенмен, заңгерлік компанияларға заң саласын жілікше шағатын мамандар әлі де жеткіліксіз. Компаниялар мамандарды қарапайым нәрселердің өзін үйретуге 3-6 ай уақыттарын жұмсайды екен. Сонда білімдері болмаса, диплом неге берілген? Оқу орындарындағы білім беру жүйесі дұрыс болмағаны ма? Мұны қалай түсінеміз?» - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Заңгер көп, маман аз» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, қаншама заң саласының маманы дайындалғанымен, білікті заңгерлер жетіспей отыр. Сол себепті осы мәселені шешуге ықпал ету үшін Алматыда әлеуметтік білім беру жобасы жүзеге асырылып отыр. Өйткені жұмыс берушілер «заңгерлік қызметті» сұранысқа ие алғашқы бестіктің қатарына енгізген. Алайда мамандардың айтуынша, жас заңгерлердің тәжірибесі жоқ. Қазақстандық Халықаралық Арбитраждың Төрағасы, «Zanger» заңгерлік фирманың аға әріптесі Майдан Сүлейменов мұны оқыту бағдарламаларының көбіне қылмыстық құқық пәндеріне, прокурорлық-тергеушілік қызметкерлерді дайындауға арналып отырғандығымен байланыстырды. Ал нарықтық экономика, коммерциялық құқық, азаматтық құқық саласындағы мамандарға дұрыс көңіл бөлінбеуде. Негізінен, қазір соларға деген сұраныс жоғары екенін айтты.
«Айқын» газеті бұған дейін де ащы ішектей созылған үндінің сериалы - үндінің құндылығын, қытайдың сериалы - қытайдың мәдениетін, корейдің сериалы - кәрістің мүддесін қорғайтынын жазған болатын. Алайда, өзге елдің құндылығын насихаттауға мүдделі арналарға әлі тыйым болмай тұрғанына қынжылыс білдірген басылым бейсенбілік нөмірінде «Үнді сериалдары ұлттық болмысымызды бұзып барады» деген тақырыппен мақала жариялады. Мақалада телеарнаның, оның ішінде сериалдардың адам факторына әсері қандай, зияны қандай, пайдасы қандай деген мәселелерге таладу жасалған. «Қазір екінің бірі ұлттың тарихын білмеуі мүмкін. Есесіне, Анандидің тағдырын жақсы біледі. Жақсы білетіні соншалық, Анандимен өмірі біте қабысып, бірге өмір сүріп келеді. Проблемасы жетерлік: күнделікті ас-суын айыра алмай отырса да, сериалға телміруге мәжбүр. Психологтар мұны дерт санайды. Яғни сериалдың ескірткіден айырмасы шамалы. Ол да сені еріксіз мәжбүрлейді. Өзіне басыбайлы етеді. Анандидің бір сериясын өткізіп алса, екінші күні ауырып қалатын апаларымыз көбейді», - деп жазады мақала авторы.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбанды қабылдады. Кездесу барысында тараптар екі елдің өзара ықпалдастығының кең ауқымдағы мәселелерін, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттарды талқылады. Кезедсу барысында Қазақстан Президенті екі ел ынтымақтастығы дамуының үдемелі қарқынына назар аударды. «Бұл біздің бірінші кездесуіміз емес. Бұл байланыстар біздің сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға ықыласты екенімізді көрсетеді. Біз Венгрияның Еуропалық одақ елдері арасынан алғашқылардың бірі болып Қазақстанмен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойғанын жоғары бағалаймыз. Сіздің сапарыңыз нәтижелі болуы, ынтымақтастығымыздың нақты бағыттары бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілуі үшін біз қажетті күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз», - деді Мемлекет басшысы. В.Орбан өз кезегінде Қазақстан Президентіне елге шақыру үшін ризашылық білдіріп, венгр халқының сәлемін жеткізді.