Үнділік «Әлем жігіті» 100-ге толды
1952 жылы «әлем жігіті» атағын жеңіп алған үнділік бодибилдер Манохар Айч жуырда өзінің жүз жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл туралы шетелдік БАҚ-тарға сілтеме жасап, Утро.ру сайты мәлімдеді.
Бойының кішкентайлығына байланысты «қалта Геркулесі» атанып кеткен мерейтой иесі қазір Үндістанның Калькутта қаласында тұрады. Спортшының айтуынша, мұнша жасқа келуіне бірден-бір себеп - салауатты өмір салтын сақтауы және өмірі таусылмайтын оптимизмі екен. «Мен ешқашан өміріме өксіген емеспін, кішкентай кезімнен бір үзім наным үшін ауыр жұмыстарға жегілдім, алайда болашаққа деген сеніміме еш селкеу түсірмедім» - дейді жүз жастағы қария.
Айч спортпен 1942 жылы Британ басқыншыларының үкіметі басқаратын патшалық әуе қорғаныс күштеріне әскери қызметке алынған соң айналыса бастаған. Алайда британ үкіметіне қарсы шеруге шыққан жас ұшқышты билік түрмеге тоғытады. Ол түрмеде жатып күніне 12 сағаттап спорттың ауыр түрлерімен шұғылданады. Оның мұндай бірбеткейлігіне тәнті болған түрме басшылығы тіпті бұлшықеттерді жетілдіретін арнайы диетаға отыруына жағдай жасап береді.
1950 жылы Айч түрмеден шыққан соң, «Мистер Геркулес» деген сайысқа қатысып, жеңіске жетеді. Осыдан кейін Лондонда өткен «Әлем жігіті» жарысына қатысып, 1952 жылы аталмыш атақты жеңіп алады.
Содан бері үнді спортшысы көптеген жарыстарда топ жарып, көптеген атақтарға ие болды. Қазір жүз жасаған қария ұлының фитнесс-клубын жүргізуге көмектесіп, анда-санда өзі де темір-терсек көтеріп қоятын көрінеді.
Бір ғасырлық өмірінде көпті көрген «Әлем жігіті» осы атақтың тағы бір иегері - Арнольд Шварценеггермен кездесудің бір сәті түспей-ақ қойғанына ғана өкінетінін жеткізген.