Үндістан азаматы «Эйр Астана» ұшағында шу шығарды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көлік полицейлері әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін Үндістан азаматын «Алматы-Шымкент» әуе рейсінен түсіріп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үндістан азаматы «Эйр Астана» ұшағында шу шығарды

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, Алматы қаласының әуежайындағы полиция желілік бөліміне «Эйр Астана» әуе компаниясының өкілі хабарласып, «Алматы-Шымкент» бағытында қатынайтын ұшақ бортында құқық бұзушы бар екенін айтқан. Көлік полицейлері тексеру барысында 43 жастағы Үндістан азаматына анықтаған. Мас үндістандық өзін дөрекі ұстап, ұшақ жолаушыларының мазасын алған.

«Деструктивті жолаушы мән-жайды анықтау үшін аталған әуе рейсінен акті толтыру арқылы түсірілді. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ол «орташа деңгейде» мас болған. Оның үстінен ҚР ӘҚБтК 440-бабы 1-тармағымен әкімшілік хаттама толтырылды және 12 625 теңге әкімшілік айыппұл салынды», - делінген таратылған ақпаратта.
Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың басынан бері еліміздің көлік полицейлері 28 590 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде 4 669 адам қоғамдық орында алкоголь сусынын ішкені немесе қоғамдық орынға мас күйінде келгені үшін жазаланды.