Үндістан мен Ресей жіберген дәрі-дәрмек Қостанайға жетті

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Елімізге Үндістан мен Ресейден жеткізіліп жатқан дәрі қорының қомақты үлесі Тобыл өңіріне де жетті. Осыдан кейін аймақта дәріхана қоймаларын қажетті дәрі-дәрмекке толтыру мәселесі де реттеле бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үндістан мен Ресей жіберген дәрі-дәрмек Қостанайға жетті

Үндістан мен Ресейден келген дәрі-дәрмектің ішінде 58 мың құты цефтриаксон, 36,5 мың цефазолин, 20 мың қаптама ацетилин, 3 мың қаптама тамифлю мен терафлю, сондай-ақ ем алып жатқан науқастардың қаны ұйып қалмау үшін қолданылатын 200 қаптама клексан препараты бар.

«Стофарм» серіктестігінің коммерциялық директоры Сергей Аткиннің айтуынша, шетелдік дәрілер бір тәуліктің ішінде облыстың барлық дәріханасына таратылып, саудаға шығарыла бастады. Қазір вирусқа қарсы «Гроприносин» деп аталатын дәрінің 3,5 мың қаптамасы таратылуда.

Айта кетейік, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов дәріхана желілерінің басшыларымен кездескен . Кездесу барысында дәріханаларға 300 млн теңге бөлінетін болып шешілді. Бұл қосымша көмек вирусқа қарсы қолданылатын препараттар, қанның қоюлануын тежейтін антибиотиктер сатып алу үшін берілді.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, таяу күндері облысқа Ресейден шыққан дәрі-дәрмектің жаңа легі келіп жетуі тиіс. Әлеуметтік маңызы бар бұл дәрілердің бәрі тұрмысы төмен отбасыларға таратылып беріледі.