Үндістан үкіметінің басшысы БАӘ-ға 34 жылдан кейін алғаш рет ресми сапармен барды

ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Біріккен Араб Әмірлігіне ресми сапармен барды. Бұл Үндістан үкіметінің отыз төрт жыл ішіндегі БАӘ-ға жасаған алғашқы сапары, деп хабарлады әмірліктің WAM ақпараттық агенттігі.

Үндістан үкіметінің басшысы БАӘ-ға 34 жылдан кейін алғаш рет ресми сапармен барды

Н.Моди екі күндік сапары аясында ел астанасы Әбу Даби мен Дубайда болады. Аталған әмірліктердің басшыларымен келіссөздер барысында екіжақты сауда және лаңкестікке қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесі талқыланады. Сонымен қатар, тараптар БАӘ-ның Үндістанға құятын инвестиция аясын кеңейту жолдарын қарастырады.

Үндістандық премьерді Әбу-Даби әуежайында әмірліктің мұрагер ханзадасы, БАӘ жоғары бас қолбасшысының орынбасары шейх Мохаммед бин Зайед Әл Нахайян және бірқатар өзге де лауазымды тұлғалар қарсы алды. БАӘ-да 2,6 млн-ға жуық үндістандық тұрады. «Менің БАӘ-ға келген сапарымның нәтижесі екіжақты қатынастарды ынталандырады деп сенемін», - деп жазды Н.Моди Твиттер желісіндегі парақшасында. Үндістандық премьермен бірге БАӘ-ға елдің ірі бизнесмендері мен саяси қайраткерлері барды.